Алматыда оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы ашылды
Жаңа нысанға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып, алматылық балаларды мерекелерімен құттықтады.
Ал бұл орталық несімен ерекше?
Дамир Берікұлы, тілші:
- Шұғыла - Алатаудың етегіндегі Алматының жаңа шағын аудандарының бірі. Ол күннен күнге өсіп келеді. Қазір көлемі тіпті облыстың Қарасай ауданына дейін созылып жатыр. Бірақ бұл ауданда бұған дейін бірде-бір балаларды дамыту орталығы болмаған. Енді міне, су жаңа шығармашылық орталық пайда болды. Мұнда енді күніне 1 мыңнан астам бала шығармашылықпен айналыса алады.
Үш қабаттан тұратын ғимаратта балалар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа заманның трендіне айналған робототехника, 3Д модельдеу, бағдарламалау, тіпті, жасанды интелект жасауға үйрететін кабинеттер де бар. Әрі оқушылардың көңіл қалауына сай түрлі үйірмелер жұмыс істейді.
Ақбота Баймахан, оқушы:
- Сіз жиі айтып жүретін баламалы энергия көздерін біз зертханада зерттейміз. Компьютердегі нұсқаулықтарға қарай отырып құрастырамыз. Сонымен қатар вертикальды және горизонтальды жел турбиналары бар. Күн батареяларын біз модельдеп алып, жаңартылған энергиядан электр энергиясын алуды үйренеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы жаңартылған энергия деген өте өзекті мәселе. Онымен айналысу керек. Біз бұл мәселеге аса назар аударамыз. Сондықтан, бұл мәселенің болашағы жарық деп айтуға болады. Баршаңызға табыс тілеймін. Әрқашан да аман болыңыздар.
Орталықтың негізгі бағыттары – ғылыми-техникалық, шығармашылық-эстетикалық және экология-ботаникалық. Алғашқылары түсінікті. Ал соңғысы өте қызық. Мұнда арнайы кабинеттерде балаларды әлден қоқысты қайта өңдеуге баулиды.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Орталықтағы үйірмелерге балалар 5 маусымнан бастап жазыла алады. Мұндағы мамандардың сөзінше, оқушыларға алғашқы секция тегін, ал қалғандары ақылы болмақ. Айта кетейін, Президенттің бүгін Алматыдағы жұмыс сапарының екінші күні. Мемлекет басшысы түстен кейін тағы бірнеше нысанды аралауды жоспарланып отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Марат Диханбаев, Айдос Ентебеков