АЭА инфрақұрылымына 450 млрд теңге жұмсалды

Арнайы экономикалық аймақтың жалпы инфрақұрылымына 450 млрд теңге жұмсалды.

Осы қаражаттың тек 360 млрд теңгесі ғана салық ретінде бюджетке қайтты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты. Бірақ жоғарғы палатаның депутаттары бұл сөзге күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға бөлінген қыруар қаржы өзін мүлдем ақтамайды. Осыған байланысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тақырыпты кеңінен талқылау керек деп, алдағы отырыстарда мәселеге қайта оралуды ұсынды.

Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі: 
- Басты көрсеткіштердің бірі – АЭА шеңберінде Қазақстанда шығарылмаған бірқатар жаңа тауарлардың болуы. Қазіргі сәтте шығарылған өнімнің сомасы 7 трлн теңгеден асады. Оның 450 млрд теңгесі экспортталған. Осы цифрға қарап, жалпы бүгінде АЭА салынған қаражатты ақтай бастады деуге болады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 
- Екі аптадан кейін осы мәселеге қайтып келіп, біз оны жан-жақты талқылауымыз керек деп есептеймін. Бұл сіздер де ескеретін үлкен мәселе. Енді сіз бізге ақпарат беріп жатырсыз бәрі дұрыс деп. Бізге де ақпарат келіп жатыр. Екеуі сәйкес келмей жатады. Ол онша жақсы нәрсе емес.