Ә.Смайылов: Балалар үйі өткеннің еншісінде қалуы керек

Бүгінде ел бойынша 116 балалар үйі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда 3700-ге жуық жасөспірім тәрбиеленіп жатыр. Алдағы жылдары еліміздегі балалар үйлерінің санын 2 есеге азайту көзделіп отыр. Бүгін елордадағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барған Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді.

Орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі 66 бала тәрбиеленіп жатыр, оның 28-і – жетім бөбек. Әлихан Смайылов тәрбиеленушілерді Балаларды қорғау күнімен құттықтап, олардың тұрмысымен және оқу жағдаймен танысты. Кездесу барысында Үкімет басшысы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Биыл әлеуметтік осал топтар үшін жалдамалы пәтерге 100 млрд теңге бөленсе, соның 20%-ы жетім балаларды баспанамен қамтуға бағытталады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

-Біздің мақсатымыз алдағы 3 жылдың ішінде балалар үйлерінің санын 2 есеге қысқартып, сол жердегі балаларды барынша отбасыларға орналастыру. Туысқандарының, патронаттық отбасылар бар, соларға жағдай жасауымыз керек. Сондықтан біз тиісті заңнамаға өзгеріс енгізіп жатырмыз.

 

Соңғы 10 жылда елдегі балалар үйлерінің саны 41%-ке, ал ондағы балалар саны 65%-ке азайған. Бүгінгі кездесу барысында елордадағы балаларды қолдау орталығының директоры Бибігүл Такисова Премьер-министрге мекеме аумағында спорт алаңын салу жөнінде өтініш білдірді. Әлихан Смайылов қала әкімі Жеңіс Қасымбекке осы мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Бибігүл Такисова, Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының директоры:

- Кейінгі 3 жылда 40 баланы отбасыларға, қамқорлыққа, патронаттыққа орналастырдық. Туған ата-аналарына табысталғандары бар. Балаларды отбасыларына оралту мақсатында құжат рәсімдеу, материалдық көмек көрсету бағытында жұмыстар атқарып жатырмыз.

Рафаэль Гасанов, Қазақстанның балалар үйлері түлектері қауымдастығының басшысы:

- Біз көтерген проблемалық мәселелер бұл, ең алдымен, баспана түйткілі. Біздің қауымдастық мәліметіне сай, балалар үйлерінің 62 мың түлегі пәтер кезегін күтіп отыр. Осы мәселелерді жиі талқылап, шешу жолдарын табу өзекті болып отыр.