Қызылорда облысында ауылдарды дамыту басты назарға алынған
Қызылорда облысындағы Шиелі ауданы макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде үшінші орынға көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 миллиард теңгеден асқан, өнеркәсіп саласында да өсім бар.
Дегенмен елді мекендердегі шағын және орта бизнесті дамытуға серпін қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасына Алмалы, Қарғалы және Иіркөл ауылдары ғана жоба ұсынған. Аудан активімен кездескен аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «қалың ұйқыда» жатқан ауыл әкімдеріне белсенді қызмет атқаруды тапсырды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы сараланған жиында қылмыс ашу деңгейі өте төмен екені айтылды. Сондай-ақ екі қолға бір күрек таппай жүрген 2 мыңдай шиелілікті жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлікті дамыту тетіктері қаралды. Одан әрі облыс әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды қабылдады.
Ерболат Жүсіпов, Шиелі кентінің тұрғыны:
- Біздің көшемізде ауызсу мәселесі туындаған еді. Аймақ басшысы жеке қабылдау өткізіп, оң шешімін табуға аудан әкіміне тапсырма берді және қаражат бөлуге рұқсат берді.
Пернеш Әжібай, Алтын алқа иегері:
- 1 ұл, 1 қызым бала жастан мүгедек еді. Соған 2011 жылы жылжымайтын мүлік үй кезегіне тұрған болатынмын. Ниетім қабылданды. Аудан әкіміне тапсырылды. Келешекте үй болады деген сенімдемін.
Жеке қабылдауға 50-ден астам шиелілік келді. Басым бөлігін медицина қолжетімділігі мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту жайы толғандырды.
Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат төрағасы:
- Әр жылда 2 рет әкім халықпен кездесу қажет болғанда құқық қорғау органдарына көптеген сұрақтар туындап жүрген. Өйткені тұрғындар ол басшыларға бару қиындығы бар, кездесе алмауы мүмкін. Ал мынау халықтың арасына әкіммен бірге келуі тұрғындардың халық үніне құлақ асатын тұжырымдаманың іске асуына бірден-бір тиімді қадам болды деп есептейміз. Мәселелердің кездесу барысында шешілетіндері шешіліп, кейінгілерін бақылауға алынып, уақытпен, мерзімімен шешуге бізге көп жағдай жасалып отыр.
Бұған дейін 6 ауданда ұйымдастырылған жеке қабылдау енді Жаңақорған ауданында өтеді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин.