Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуы мүмкін
Еліміз Азияның цифрлық хабына айналуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елордада ІТ сарапшылары саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Мамандар нарықтағы зерттеулерін паш етіп, нәтижелерімен бөлісті. Ал Huawei мен IDC компанияларының талдаушылары ұсыныстарын ортаға салды.
Еліміздің цифрлық трансформациясының өзекті мәселелерін талқылауға отандық және халықаралық сарапшылар жиналды. Үкімет мүшелері, инвесторлар, кәсіпкерлер мен Huawei компаниясының мамандары ІТ саласының даму тетіктерін саралады. Форум барысында Қазақстанның аймақтық цифрлық хаб ретінде даму тұжырымдамасы таныстырылды.
Ги Лян, «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясы бас директорының орынбасары:
- Біз серіктестерімізбен бірлесіп, зерттеу нәтижелерін таныстырдық және Қазақстанды Еуразиялық цифрлық хабқа айналдыру үшін қандай қадамдар жасау керектігін талдадық. Енді болашақта да осы бағытты дамыта отырып, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет.
Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір саналады. Сондықтан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтың біріне айналуы мүмкін, - дейді сарапшылар. Мақсатқа жету үшін цифрлық хабты 4 бағытты деңгейде құру қажет. Мамандар коммуникация хабы, бұлттық хабы, таланттар хабы және экожүйе хабын құруды ұсынды.
Андрей Беклемишев, International Data Corporation вице-президенті:
- Цифрлық трансформация – бұл жаһандық өзгеріс. Ол үшін цифрлық даму барлық салада жоғары деңгейде болуы қажет. Сондықтан бұл процесс сәтті болады деп ойлаймын.
Huawei әлемдік прогреске ықпал ететін зерттеулерге ерекше назар аударады. Компания өкілдері Қазақстанға түрлі салаларда цифрлық өзгеріс енгізу үшін көмектесуге дайын екенін айтты.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев.