БҰҰ мен Halyk Bank қоршаған ортаны қорғауда күш біріктірмек
Осы мақсатта Алматыда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Re-use. Recycle. Reduce» тұрақты сән және өнер мерекесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мақсат – қоршаған ортаны сақтай отырып, әдемілікке үндеу.
Қайта өңдеу – табиғатты сақтаудың төте жолы. Бұған жас суретшілер жасаған арт-инсталляциялардың көрмесі дәлел. Жауынгер, қасқыр, көлік және ер-тоқым қайта өңделген заттардан жасалған. Ал жас дизайнерлердің апсайклинг принципі бойынша тіккен киімдер топтамасы ескірген бұйымдарды жаңа трендтерге сай етіп қайта өңдеуге болатынын көрсетті.
Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Іс-шараның «Қайта пайдалану, қайта өңдеу, азайту» деп аталуының да мәні бар. Ескі киім, пластик бөтелкелер, резеңке дөңгелектер, кез келген нәрсені қайта пайдалануға болады. Пластикалық ыдыстармен ластануды азайту қажет, ең бастысы, бұл өнімдерді қайта өңдеуге күш салу керек.
Табиғатты қорғауға үндейтін шара «Халық» аллеясында өтті. Қаланың орталығындағы бұл әсем саябақ Halyk Bank-тің қолдауымен жасалған.
Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрайымы :
- Мұндай жобаларды Алматыда ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында қолға алып жатырмыз. Ағаш егу, үнемдеуді өзімізден бастауымыз керек. Жақында Алматы қаласын газдандыру бойынша 130 миллион теңгеге демеушілік қолдау туралы меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ Астана қаласын газдандыруға 100 миллион теңге бөлдік. Бұл – қоршаған ортаның ластануын азайтуға жасалған маңызды қадам.
Жыл сайын әлемде 400 миллион тоннадан астам пластик өндіріледі, оның жартысы бір реттік пайдалануға арналған. Оның тек 10%-і қайта өңделеді екен. Сондықтан пластиктен бас тарту керек, - дейді мамандар. Halyk Bank қызметтерді цифрландыруға басымдық беріп келеді. Бұл банкке пластик тұтынуды 5,6%-ке азайтуға мүмкіндік берді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов.