Еліміз аусылдан ада елдердің тізімінде жоқ
Еліміз аусылдан ада елдердің тізімінде жоқ.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы әзірге осындай ұйғарымға келді. Былтыр Қарағанды облысында малдан аусыл белгісі анықталған екі жағдай болған. Осыдан кейін ауру мал жойылып, миллиард теңгеден астам қаржыға екпе сатып алынды. Ветеринарлар солтүстік, батыс және орталық облыстарда ауқымды вакциналау шарасын жүргізді. Мамандар екпеден соң 1 апта өте малда иммунитет қалыптасатынын айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұдан кейін ел аумағында аусыл анықталмағанын хабарлады. Тамыз айында Қазақстан аусылдан ада мемлекеттер қатарына қайта қосылу жайында Халықаралық эпи-зоотикалық бюроға өтінім жіберді. Қазір ол тізімде 60-тан астам мемлекет тіркелген.
Самат Төлегенов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Өткен мамыр айында дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы миссия қорытындысы бойынша Қазақстан аймақтық салауаттылық мәртебесін қалпына келтіру жөніндегі талаптарға сәйкес келмейтінін хабарлады. Себептердің бірі өтініш беру мен екпенің басталуы арасындағы мерзімнің қысқа болуы. Яғни вакциналауды ескере қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін дәлелдеу қажет болды.