Ертіс өзені тартылып жатыр
Жаһандық құрғақшылық Ертіс өзеніне қауіп төндіре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өзен тартылып жатыр. Мәселен, Бұқтырма су қоймасынан Ертіске құйылған судың көлемі небәрі 32%-ке жеткен. Мұндай жағдай осыдан 10 жыл бұрын болған екен. Ол кезде өзенге 5% қана су қосылған еді.
Бұқтырма су қоймасындағы жағдайға экологтар алаңдап отыр. Орталық Қазақстанның аумағында су тапшылығы сезіліп, энергетика саласында да мәселер туындайды. Су ресурстары Комитетінің өкілдері биыл Ертіске толыққанды су жіберу мүмкіндігінің болмағанын айтады. Қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл шара қолдану керек, - дейді мамандар. Облыс басшылары келешекте жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр.
Сәуле Шалмағанбетова, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:
- Егер біз қазір Бұқтырма су қоймасынан су босататын болсақ, онда ауызсуға қатысты мәселелер туындайды. Сіздер білесіздер, Ертіс «Сәтбаев» су арнасы арқылы Орталық Қазақстанды сумен қамтып отыр. Біз сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені энергетиктердің мәліметі бойынша, Бұқтырмада 22 млрд текше метр су болмаса, электр қуатын өндіре алмайды. Бұған қоса алдағы жылдары Ертіс жайылмасына қауіп төнеді.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Біз бірінші гидрогеологтармен, гидротехниктермен су қоймасына лайықты жерді анықтаймыз. Бұған қоса жер телімі болуы керек. Содан кейін ғана техника-экономикалық негіздеме жасалады. Бұл жұмыстарға кем дегенде 3-4 жыл кетеді. Бірақ оны бүгіннен бастап қолға алмай болмайды.