Шымкенттегі шағын ауданға газ берілді
Шымкент қаласындағы Асар-2 шағын ауданына табиғи газ берілді.
Үш мыңға тарта абонент көгілдір отынға кезең-кезеңімен қосылады.
Сонымен қатар шаһар іргесіндегі тағы жеті елді мекеннің тұрғындары биыл көмір тасып, күл шығарудан құтылады. Қазір 28 мыңнан астам жеке тұрғын үйді газбен жабдықтау жұмыстары басталды.
Көпбалалы Оспановтар әулеті Асар-2 шағын ауданына 3 жыл бұрын көшіп келді. Олар осы уақытқа дейін газ баллон пайдаланып қыруар шығынға бататын. Енді мұның бәрі артта қалды. Үйге көгілдір отын қосылды.
Жұман Оспанов, Асар-2 шағын ауданының тұрғыны:
- Жазгүні біреуі болады, қыста үшеуін запас қылып ауыстырып сонымен шығып отырдық. Газ баллонмен. Бірақ оның да қиыншылығы бар, балам. Суықта сырты қырау болып, жартысы жанбай қалатын. Оны әйтеуір түнде тұрып, ауыстырып отырамыз. Енді мынау табиғи газға жетпейді ғой, шырағым. Рақмет.
Асардағы ағайынмен көршілес «Қайнар бұлақ» саяжайын газбен қамту былтыр басталды. Мердігер бірнеше көшеге бағаналар орнатып, құбырлар жүргізді. Бірақ көгілдір отынды көп күткен тұрғындардың көңілі алаң. Себебі құрылыс орта белден тоқтап қалды, дейді.
Мейрамхан Арысбаев, "Қайнар бұлақ" саяжайының тұрғыны:
- Көмір жағамыз, отын жағамыз қыста. Қиын енді. Газ келеді деп қуанып жатқанбыз. Әлі жоқ. Тоқтап қалды ғой. Келмей жатыр ғой газ. Өздері жоқ. Ешқайсысы жоқ. Кімнен сұраймыз!?
Былтыр Сәуле және Ақтас магистральды газ құбырының құрылысы аяқталған. Нәтижесінде биыл 8 елді мекенді табиғи газға қосу мүмкіндігі туды. Шаһардың оңтүстік бөлігіндегі шағын аудандарға инфрақұрылым тартылып, көгілдір отын қосуға қажетті жабдықтау ісі жүріп жатыр. Ал қаланың солтүстік бөлігіндегі құрылыс келер жылы аяқталады.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:
- Саяжай тұрғын алабы бар. Ол жақта халық өте көп шоғырланған. Бозарық елді мекендері бар. Ол жерлердің барлығында бүгінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 7 елді мекенде. 2024-2025 жылдары толық қамтамасыз ететін боламыз. Ол үшін қаржы бөлінген.
Шымкентті табиғи газбен толық қамтудың жоспары бар. Соған сәйкес 2025 жылға қарай қала іргесіндегі шағын аудандар көгілдір отынның игілігін көреді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов