Көк туды желбіреткен астаналықтар автошеруге қатысты
Темір тұлпар тізгіндеген астаналықтар қала көшелерімен жүріп өтті.
Көк Туымызды желбіретіп, шаһар тұрғындарының қошеметіне ие болды.
Қабанбай батыр даңғылынан жолға шыққан елуден астам көлік отыз шақырымды басып өтті.
Көк Туымызды желбіреткен автокөліктер Астананы думанға бөледі. Елордада Мемлекеттік рәміздер күніне орай автошеру өтті. Елуден астам темір тұлпар Қабанбай батыр даңғылынан жолға шықты. Іс-шараға қалалық әкімдік мұрындық болды.
Әлібек Жүсіпов, Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі:
- Жыл сайын Рәміздер күніне орай автошеру өткізіледі. Автошеруге оншақты автоклуб мүшелері қатысады. Жалпы автошерудің қашықтығы 31 километрді құрайды.
Автошеру 2017 жылдан бері өтіп келеді. Биыл бағыты шамалы өзгерді. Барлық негізгі көшелер қамтылды. Акцияға еріктілер, жастар белсенділері мен түрлі автоклубтар өкілдері қатысты. Бұлардың басым бөлігі жыл сайынғы шеруден қалған емес.
Анатолий Бондарь, Астана қаласы автомотоспорт федерациясының президенті:
- Бұл біздің мақтанышымыз. Бұл біздің еліміз. Өзім автоспортты жақсы көремін. Мұндай іс-шараларға жиі қатысамын. Әріптестерімнің де бір кісідей атсалысқанын қалаймын. Себебі бәріміз қатыссақ, біз өзіміздің бірлігі бекем қоғам екенімізді көрсетеміз.
Вера Колодий, автошеруге қатысушы:
- Мен бұл мерекені аса маңызды мереке санаймын. Әсіресе, жастар арасында, автоклубтар арасында бұл мерекені насихаттауымыз керек. Халық білуі қажет. Былтыр да автошеруге қатыстық. Халық барған жерімізде қуана қарсы алып, камераға түсірді. Бізбен естелікке суретке түскендер де көп болды. Бұл автошеру бәрімізге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Автошеру Кенесары көшесінде мәреге жетті. Тәртіп сақшылары жол бастап жүрді. Соның арқасында оқыс оқиға тіркелген жоқ. Соңында жиналғандар естелікке суретке түсіп, келесі жылы тағы кездесуге уәделесіп тарқасты.
Нұрқанат Қанапия, Руслан Әлиев