Жәйрем кентінің кәріз жүйесін жаңарту жұмысы жанданады
Жәйрем кентінде кәріз жүйесінің 90 пайызы тозған.
Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген құбырлар күнара жарылады.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр кәріз жүйесін жаңартыла бастаған еді. Бірақ құрылыс материалдары қымбаттап кетіп, біраз қиыншылық туындаған. Енді жоба қайта жасалып, жұмыс қайта жанданды.
Екі күннің бірінде жарылып, елді әбігерге салатын кәзір құбырлары осыдан 50 жыл бұрын төселген. Сол уақыттан бері ешқандай жөндеу көрмеді, - дейді тұрғындар. Жиі болатын апаттты жөндейміз деп байқаусызда ауызсу құбырына нұқсан келтіретін коммуналдық сала қызметкерлерінің әрекетіне бәрінің еті үйренгендей.
Айару Берікова, Жәйрем кентінің тұрғыны:
- Канализация авария сайын тоқтап қалады. Тоқтаған сайын всегда сумен проблема болады. Бір күндік аварияға 3-4 күн тоқтатып тастайды суды.
Елқұтты Рақымов, Жәйрем кентінің тұрғыны:
- Енді бұның технологиясын білмейміз ғой, қалай жасалатынын. Есіктің алдына салып өтті. жерді қазып, тұрбасын салып. Құдықтарын қойып кетіп жатыр әрі қарай. Жүріп кетсін ең әуелі. Содан кейін барып айтамыз ғой.
Кәріз жүйесінің құрылысы былтыр басталған. Қымбатшылыққа байланысты жоба қайта түзетуден өткенше біраз тұралап қалды. Ал қазір мердігердің аяқ алысы жаман емес. 13 шақырымнан асатын құбырды тартқан. Жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгеге жуық.
Светлана Милиус, Қаражал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Барлық жер қазу жұмыстары қызмет көрсететін компания өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан құбыр салу кезінде ескі желі бұзылмайды. Толық іске қосылған соң бұрынғы кәріз жүйесі қосалқы желі ретінде сақталады. Кәріз құрылысы 2024 жылы аяқталады.
Ұзынды 42 шақырым ескі кәріз жүйесіне жеке сектордағы 400 үй мен 30-ға тарта көпқабатты ғимарат қосылған. Ал жаңа құбырлар қосымша 50 абонентке қызмет көрсетеді. Тұтынушылар саны ұлғайғандықтан биыл қалдық суды реттейтін бес сорғыш станцияның құрылысы басталады.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева