Қарағанды облысында қаңғыбас иттерді зарарсыздандыру басталды
Қарағанды облысында жыл басынан бері 400-ден астам адамды ит қапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның 130-ы – бала. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда едәуір көп, - дейді травматолог дәрігерлер. Осы орайда аймақта қаңғыбас жануарларды зарарсыздандыру басталды.
Қарағанды облысында жыл сайын мыңдаған адам итке таланады. Оның көбі қаңғыбас иттерден зардап шегеді. Былтыр 955 адам дәрігерге қаралса, оның 260-тан астамы – бала.
Алексей Сорокин, Х. Мақажанов атындағы аурухананың травматология бөлімі меңгерушісінің м. а.:
- Ит тістеген кезде біз бірінші кезекте құтыру ауруынан қауіптенеміз. Сондықтан оған қарсы 5 екпе жасалады. Бұрын ол 40-мәрте жасалатын. Мысалы, биыл бізге итке таланған 8 жастағы қыз бала жеткізілген. Алғашқы көмегін көрсетіп жібергенбіз. Бір аптадан кейін дәл сол ит тағы да талапты. Бұл жолы жарақаттары ауыр болып, ауруханаға жатқызуға тура келді.
Қазір облыстың барлық өңірінде қаңғыбас ит-мысықтарды ұстап, вакциналау және зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл процедуралар жануарларға барынша ізгілікпен жасалады. Мұнан соң ұсталған төрт аяқтылар ветеринариялық клиникаларға жеткізіледі. Олардың денсаулығы мұқият қаралып, құтыруға қарсы екпе мен саны көбейіп кетпес үшін операция жасалады.
Болат Такиров, мал дәрігері:
- Жануарлардың еш жері ауырмайды. Себебі оларға наркоз салынып, қалың ұйқыда жатады. Мұнан соң біз төбетін піштіріп, ал қаншықтарының жатырын алып тастаймыз. Кейін олар 10 күн біздің бақылауда болады. Мұнан соң құлағына арнайы сырға салып, сайтқа жүктеп қай жерден ұстап алдық, сонда апарып тастаймыз.
Тиісті шарадан өткен қаңғыбас иттерді хабарландыруларға құлақ асып, асырап алатындар да бар. Мысалы, мамыр айында осы жердегі 6 иттің жаңа қожайыны табылды. Ал керексіз ит қай жерден ұсталды, қайтадан сонда жөнелтіледі. Барлық бұралқының деректері «Tanbа» деп аталатын республика бойынша бірыңғай сайтқа жүктеледі.
Ерлік Мақашев, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Клиникада жүргізілген, қандай жұмыстар жүргізілді соның бәрі сол Tanbа.kz-те жазылып тұрады. Осының бәрін біз дұрыс орындасақ, бұл өз көмегін береді. Өйткені тұқым тарату дейміз ғой, әр қаңғыбас ит бостан босқа келе бермейді ғой.
Қазір облыс бойынша шамамен 30-ға жуық ит ауланған ортасына қайта жіберілген. Жыл соңына дейін 2 мыңға жуық бұралқы екпе алып, зарарсыздандырылады. Осы мақсатқа облыс қазынасынан 146 млн теңге бөлінген.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.