Алматыда құрылыс компаниясы салғырттық салдарынан әкімшілік жазаға тартылды
Алматыда тау бөктерінде тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс компаниясының салғырттығы салдарынан көрші тұрған үйдің іргетасына зақым келген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Топырағы көшіп, қабырғасында жарықтар пайда болды, - дейді Нұр Алатау шағын ауданының тұрғындары. Құрылыс компаниясы бұл әрекеті үшін әкімшілік жазаға тартылған. Енді үй іргесін бекітуді мойнына алып отыр. Алайда жұртшылық уақыт өткен соң, топырақ сырғып үйдің құламасына кім кепіл дейді.
Дәл іргесінен қазандық қазылған соң, үйге жақын жердің топырағы көшіп, асты бос үңгірге айналған. Үй мен қазандықтың арасы бір метрге де жетпейді. Алғашында 15 метр тереңдікке дейін қазылған қазандықты құрылыс компаниясы тұрғындардың шағымынан кейін топырақ төгіп, тегістеп тастаған. Бірақ бұл мәселені шешпейтіні анық. Төтенше жағдайлар департаменті қызметінің өкілдері бұл үйдің тұрғындарын оқшаулау керек деген шешім шығарған.
Әлия Бутеева, қала тұрғыны:
- Төтенше жағдай қызметі келіп, жағдайды көріп, акт жасады. Ол күні жаңбыр жауып тұрған. Құжатта адам шығынына жол бермес үшін 19-шы үйдің тұрғындарын оқшаулау керек деп жазылған. Демек бұл үйде тұру қауіпті деген сөз. Біздің басқа баратын жеріміз жоқ. Бұл – қайтыс болған әкемнің салып берген үйі.
Заря Шырақбайқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл тастақ емес, тастақ болса да, бір сәрі. Бұлардың бәрі – жұмсақ топырақтар. Бұлардың бәрі ертең жаңбыр жауса, қар жауса, бәрі көшіп кетеді. Мына үйдің барлығының ішінде тұрған жарықтар. Ал үйдің ертең құламасына қандай кепілдік береді? Бұл үйді онда мына салып жатқан компаниялар сатып алсын да, ақшасын берсін. Бұл кісілер қалай ол жерде тұрады? Жаңа аудан, бұл жердегі ауданның бәрі жаңа.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жүріп жатқан жерде жасыл өскіндер қалың болған. Енді оның орнына тұрғын үй кешені бой көтермек. Құрылыс жүргізуге қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы рұқсат берген. Алайда мердігер компания таулы аймақтағы топырақтың бос болатынын ескермеген сыңайлы.
Әлібек Төлбасиев, Алатау және Бостандық аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы:
- Осы жағдайға байланысты мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық қателіктер дұрысталмайынша құрылыс нысанының жұмысы тоқтатылды. Қазір нысан Қала құрылысын бақылау басқармасының қатаң қадағалауында. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ұсынысымен 3 кезеңді жөндеу жұмыстары басталды.
Қазір көрші учаскенің деңгейінде топырақ төселіп, тығыздалған. Құрылыс компаниясының өкілі бір апта ішінде барлық жұмыс аяқталады деп отыр.
Ердос Құдайбергенов, құрылыс компаниясының өкілі:
- 18 мамырда құрылыс алаңында ішінара топырақ көшіп, келеңсіз жағдай орын алды. Біз бірінші күннен бастап тұрғындармен кездесіп, байланыстамыз. Топырақты бетон қадалар арқылы тығыздап, жағдайды қалыпқа келтіріп береміз. Тіпті үйдің қоршауын, қабырғаларына келген зардапты жасап беруге дайынбыз. Моральдық шығын ретінде өтемақы төленеді.
Алайда, тұрғындар мұнымен келіспейді. Уақыт өткен соң топырақ көшіп, үйдің құламасына кім кепіл, - дейді олар. Сондықтан үй иесі құрылыс компаниясынан кепіл хат талап етіп отыр.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев.