Тау-кен металлургия конгресінде «Алтыналмас» үздік атанды
Астанада өткен ХІІІ тау-кен металлургия конгресінде «Алтыналмас» алтын өндіру кәсіпорнының ESG стратегиясы үздік деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Компанияның қоршаған ортаға келтіретін залалы аз өндіріс орындарын цифрландыруы жоғары бағаланып отыр. Әрі «Алтыналмас» әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, гендерлік теңдік саясатында көш бастап тұр. Конгресте тау-кен-металлургия секторының өкілдері мемлекеттік орган басшыларымен кездесіп, саладағы түйткілдерді ортаға салды.
ХІІІ халықаралық тау-кен металлургия конгресінің бұл жолғы тақырыбы жасыл технологияларға арналды. Қазақстандық ірі компаниялардың бірі – «Алтыналмас» өкілдері Жолымбет кенішіндегі минералды заттарды қайта өңдеу бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Әрі экология, әлеуметтік жауапкершілік және басқару қабілетіне негізделген тұрақты даму стратегиясын ұсынды.
Тимур Мұрсалимов, «Алтыналмас АК» АҚ ESG департаментінің директоры
- Біз қызметкерлердің, жергілікті тұрғындардың, мемлекеттік органдар мен тасмылдаушылардың және акционерлердің пікірін ескереміз. Ал ірі компаниялар ESG-дегі күн тәртібін негізге ала отырып, дамуға, жаңа қаржы көздерін табуға, сондай-ақ заман ағымына бейімделуге қабілетті деп санаймыз.
Былтыр компания гендерлік теңдік бағдарламасын енгізді. Қазір мұнда жұмыс істейтін азаматтардың 18%-і – әйел.
Мақпал Нүсіпова, «Алтыналмас АК» АҚ бас атқарушы директоры:
- Қалыптасқан жалпы түсінікті өзгертіп, әйелдердің біздің салаға келуіне жағдай жасағымыз келеді. Яғни, олар тау-кен секторында еңбек етсе дейміз. Егер кішкентай балалары болса, біз жаңа мүмкіндіктер ұсына аламыз. Мәселен, жұмыс кестесін қараймыз. Дамуына жол ашамыз. Тіпті карьерде жүретін жүк көліктерін жүргізуді үйренгісі келетін әйелдер де болды. Былтыр осы бағыттағы бағдарламаға сұраныс артты.
«Алтыналмасқа» ESG стратегиясы үшін тау-кен металлургия саласындағы ең беделді – «Алтын Гефест» сыйлығы берілді. Ірі кәсіпорын биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Компания өндіріс орындарын одан әрі дамытуға және жаңғыртуға басымдық бермек.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ырыстанбек Оспанов.