Түркістан облысында шаруалар жаңбырлатып суару әдісіне көшіп жатыр

Түркістан облысының Созақ ауданында шаруалар жаңбырлатып суару әдісіне көшіп жатыр.

Себебі өңірде ағын су тапшы. Олар жаңа технологияның көмегімен суармалы жердің көлемін ұлғайтып, өнімділікті арттырды.

Созақ ауданының тұрғыны Талғат Сейдахметұлы биыл 80 гектар егістік жерінің 40 гектарына жаңбырлатып суару қондырғысын орнатқан. Қазір жоңышқа алқабын жаңа технологияның көмегімен суарып жатыр. Бұрын шөпті бір рет орып алғаннан кейін орнына мал жаятынбыз дейді. Оның өзінде гектарынан 100-150 түк өнім алатынын айтады. Енді жаңа қондырғының арқасында өнімділікті арттырып, гектарына 300 түкке дейін мал азығын жинаймыз деген жоспары бар.

Талғат Сейдахметұлы, шаруа:
- Бұл қондырғының тиімділігі өте үлкен. Біздің өнімнің мол, түсімнің жақсы болуына септігін тигізеді. Жақсы жасалған қондырғы оймыздан шығады. 2-3 орымға әрекет жасап, соған лайықты суғарамыз деген ойдамыз. 

Шаруа жаңбырлатып суару техникасын Қытайдан алдырған. Құны 52 милиион теңге. Қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату барлығы соның ішіне кіреді. Сондай-ақ, аталған қаржының тең жартысын мемлекет өтеп беретінін айтады. Алып техника бір жүргенде аумағы 400 метр жерді суландырады.

Жандос Жұмабек, тілші:
- Қазір жаңбырлатып суару қондырғысының қозғалысы жоғары жылдамдықта тұр. Осы жүріспенен біз тұрған жерге 1,5 тәулікте айналып келеді. Ал төменгі қозғалыспен 3 тәулікте бір айналып келеді екен. Сонымен қатар, мамандар бұның бағдарламасын ұялы телефонға жүктеп алып, үйде отырып та басқаруға болатынын айтады.

Мамандардың айтуынша, өткен жылы аудандағы бірнеше шаруашылық осындай технологияға көшкен. Нәтижесінде 200 гектардан астам алқап жаңбырлатып суғарылған.

Қайырбек Мейірманов, Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылға 241 гектар жерге осындай жаңбырлату машиналарын қойып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – біздер шөлейтті аймақ болып есептелеміз. Яғни таудағы бұлақ көзінен шыққан суларды тоғандарға жинау арқылы ғана суғарамыз. Ағып жатқан арық, көлдеріміз жоқ. Сондықтан жаңа технологияның арқасы осы шаруаларға тиімді. Әрі мемлекеттен субцидиясы бар. Соның негізінде мал азығын суғаруға өте тиімді технологияның бірі.

Созақтық шаруалар енді тек мал азығы дақылдарын ғана емес, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіруді қолға алған. Нәтижесінде ауданда азық-түлік, мал азығы белдеуі қалыптасып, елдің ырзығы молая түскен. Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суғару әдісі - халықтың әл ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов