Амангелді ауданында туристік кешен салынып жатыр

Торғай геоглифтерімен әйгілі.

Қола дәуіріне тиесілі жер бедерін көруге туристер көптеп барады. Сондай-ақ, өңірдегі туристік нысандардың қатары жыл санап өсіп келеді. Амангелді ауданының орталығында жаңа кешен салынып жатыр. Мұнда Тәж-Махал, Пальмира амфитеатры сынды әлем жауһарларының көшірмесі бой көтермек. Ал әзірге Ахмет Байтұрсынұлы мемориалы мен Ұлттық жады қабырғасының құрылысы тәмамдалды.

Біз Амангелді ауылындамыз. Мына менің сол жағымдағы ұзындығы 40 метрлік қабырғада Еділ, Мөде патшалар бастаған екі жүзден астам бабамыздың басынан әкелінген топырақ жатыр. Ол үшін Сапар Ысқақов әлемнің 46 мемлекетіне барған екен. Яғни жігіттер қабырғаны ояды, капсуланы салады, бетін көбікпен жабады. Ал бізге Бекет ата бабамыздың тақтасын ілу мәртебесі бұйырған екен. Қазақтың кіл қаймағын іздесеңіздер, осы Аманкелді ауылындағы қабырғадан табасыз.

Туристік кешенде 12 нысан болады. Қазір екеуі дайын. Келешекте мұнда амфитеатр, Тәж-Махал сынды жауһарлардың көшірмесі салынады. Кәсіпкер Сапар Ысқақов «Ұлттық жады қабырғасы» бар қазақ тағзым ететін орынға айналса екен дейді.

Сапар Ысқақов, кәсіпкер:
- Бұл түбі Амангелді поселкесінің адамдарына кәдімгі бір демалатын жер болады. Ботаникалық саябақ сияқты. Мына арада киіз үйлер тұрады, мына жақта спорт алаңдары, мына жақта балалардың ойнайтын алаңдары. Соның бәрін өзімізше жоспарлап отырмыз. Үш жыл болды жұмысты бастағанымызға. Енді келесі үш жылда соны бітіре алсақ.

Кешен өңірдің дамуына септігін тигізуі тиіс. Келешекте 40 адам жұмыспен қамтылады. Қазір ауданда отыз шақты кәсіпкер туристік салада еңбек етеді. Жылына 2 мыңға жуық турист келеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш – киелі орындарымен әйгілі аймақ үшін мардымсыз. Басты ауыртқан басты мәселе – жол.

Талғат Кәрбозов, Амангелді ауданының әкімі:
- Әулиекөл-Жалдама деген 257 шақырым былтырғы жылдары жөндеуден өтіп, қазір халық игілігін көруде. Бұл да туристердің келуіне жақсы серпін беріп жатыр. Сонымен қатар, Арқалық-Торғай трассасына біздің жаққа келетін мына көрші Жезқазған, Ұлытау облысынан келетін жолдарды биыл ашылып, бүгін облыс әкімі кездесу барысында атап өтті.

Туристер тарапынан Торғай геоглифтеріне қызығушылық зор. Қола дәуірінен қалған жер бедері кейінде белгілі болды. Ғалымдардың басым бөлігі оларды діни наным-сеніммен байланыстырады. Ең жақыны 15 шақырымда жатыр.

Жалғас Досбергенов, А.Иманов атындағы музей әдіскері:
- Жазық далада жүрген кезде бір қарағанда көрінбейді. Негізі осы жер бедерін, геоглифті көру үшін, менің ойымша, мұнара орнату керек. Немесе енді арнайы барған адамдар үшін қазіргі уақытта дронмен көру де ыңғайлы деп есептеймін. Осы геоглифтердің жоғалып кетпеуі үшін құрылыс басында ескерілсе деп ойлаймын арнайы белгі қойылып.

Геоглифті құс ұшатын биіктен ғана айқын көресіз. «Ол үшін шағын ұшақтар қызметін іске қосу қажет», - дейді музей қызметкері.

Қазір ауданда қонақүй тапшы. Аудан әкімінің айтуынша, 30 орын әрең табылады. Ал жаңа кешенде қонақүй, асхана сынды нысандар бой көтеруде. Яғни туристердің еркін демалуына болады. Жалпы, биыл 8 нысанның тұсауын кесу жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев