Баянауыл жазғы демалыс маусымына дайын емес
Аптап ыстықта Баянауылға ағылған жұрт қиындыққа тап болып жатыр.
Жасыбай аумағын 5 жылға сенімгерлік басқаруға алған Баянауыл ауданының әкімдігі санитарлық-гигиеналық тораптарды әлі күнге дейін іске қоспаған. Қоғамдық дәретханалар жабық тұр. Қоқыс салатын жәшік жоқ. Сенбі, жексенбі күндері демалыс орнына 1 500-дей адам келген. Баянауыл ұлттық паркінің аумағына туристер жыл бойы емін-еркін кіріп шыға алады. Ал жазғы маусымның ашылуы осы айдың 17-не белгіленген. Биыл 200 мыңдай саяхатшы келеді деген жоспар бар.
Сағыныш Нұркимбаев, Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а:
- Баянауыл ұлттық мемлекеттік паркі Жасыбай көлінің жағалауын жергілікті әкімдікке мамырдың 5-де берді. Алайда мемлекеттік сатып алу процедураларын өткізудің белгілі бір мерзімі бар. Оны бірнеше қайтара өткізуге тура келеді. Баянауылда осыған байланысты күрделі мәселе туындап отыр.