Косовода қайта сайлау өткізу ұсынылды

ЕуроОдақ пен АҚШ Косово билігіне аймақтың солтүстігіндегі ахуалды тұрақтандыру үшін қайта сайлау өткізуді ұсынды.

Бұдан бөлек Сербиямен келіссөз бастауға шақырды. Бұл туралы ЕуроОдақ пен АҚШ арнайы өкілдерінің Приштинаға сапары барысында белгілі болды. Өңірдегі этникалық сербтер сайлауға қатысатынын мәлімдеп отыр. Бірақ бұл үшін Косово билігі сербтер көп орналасқан аудандардан арнайы жасақтарын алып кетуі керек дейді. Сәуір айында сербтер осы жергілікті басқару органдарына сайлаудан бас тартып, оның соңы өңірдегі ахуалдың шиеленісуіне әкелген.

Мирослав Лайчак, Еуропалық Одақ уәкілі:
- Біз Косовоның үкімет басшысы Альбин Куртимен кездесіп, осы мәселелерді ұзақ талқыладық. Сапарымыздың алғашқы күніне қатысты әзірге айтарым осы. Ертең тағы кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз.