Жаздың алғашқы бес күнінде 17 адам суға кетті
Жаз енді басталды.
Ал елде алғашқы 5 күннің ішінде 17 адам суға кетіп, 3 адамның денесі әлі табылмай жатыр. Бұл қауіптің алдын алмаған әкімдіктердің кінәсі. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жұмысына атүсті қараған мемлекеттік органдарды сын тезіне салды. Бұлай жалғаса берсе тілсіз жаудың құрбандары күрт көбеюі мүмкін.
Осыдан бірнеше күн бұрын елорда маңындағы Талапкер ауылында 3 қыз өзенге батып кетті. Жақын маңдағы жұрт киіммен қоса суға секіріп, екі адамды аман алып қалды. Алайда Астанаға оқуға келген қызылордалық жеткіншекті құтқару мүмкін болмады. Тереңге батып кеткен марқұмның денесін мамандар тек екі сағаттан соң шығарып алды.
Елиор Мустофоев, Талапкер ауылының тұрғыны:
- Айқайлады ана жақтан қыз батып жатыр деп. Сосын жүгірдік суға қарай, 3 қыз кетіп бара жатыр судың астына. Біреуін көрген жоқпыз. 00:50 Өзіміз де шокқа түсіп қалдық. Не істеп жатқанымызды өзіміз де білмей қалдық.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай ауылда жиі болады. Себебі айдынның айналасы ашық жатыр. Әкімдікке "қоршау керек" деп қанша шағымданса да нәтиже болмаған. Арнамыздың түсірілім тобы оқиға орнына барған сәтте де суға шомылып жүрген балалардың қарасы қалың болды. Шектеу қойылмаса, қайғылы оқиға қайталана береді дейді тұрғындар.
Салима Хыдырхан, Талапкер ауылының тұрғыны:
- Осы жерде ешқандай знак жоқ. Жылда 1 адам, екі адам қайтады. Барлық ата-аналар қазір жұмыстар.н балаларының қасында ешкім отырмайды. Міне қазірдің өзінде бааллар кеп жүр. Енді менің талабым осы жерге знак қойсын, не бомласа забор қойсын. Не болмаса жапсын. Міне ата-аналарсыз балалар келіп жүр. Кім ертең жауап береді?
Бұл жалғыз Талапкерге емес, барлық өңірге ортақ мәселе. Мәселен, жаңадан ашылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында осы уақытқа дейін шомылуға рұқсат етілген арнайы орындар белгіленбеген. Ал Қызылордада бүкіл өңір халқы үшін бар-жоғы 4 суға түсу аймағы бар. Алматы облысында жеке меншік жағажайлар ресми тіркелмеген. Оңтүстіктегі каналдар ашық-шашық жатыр. Қауіпті қазір сейілтпесек, арты қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, мерт болды. Алдыңғы гүні бір күнде 9 адам, кеше тағы 4 адам суға кеткен. Өңір әкімдері ТЖ министрлігімен бірлесіп, суға түсуге арналған қауіпсіз орындарды ббелгілеу жөнніндегі жұмысты күшейту керек. Халықты хабардар етіп отыру керек.
"Жасына да, жасамысына да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", дейді жауаптылар. Бірақ қайғылы жайттың алдын алу шаралары негізінен қала мен аудандарда ғана атқарылады. Ал ауылға көңіл бөлінбейді. Осының әсерінен болу керек, қаза тапқандардың 60-70 пайызы ауыл тұрғындары. Ашығын айту керек, елді-мекендердің басым бөлігінде суға түсуге арналған қауіпсіз айдын жоқ. Елде барлығы 487 жағажай бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Оның үстіне, 180 жағажай талапқа сай емес.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Кей өңірлер жағажайлардың инфрақұрылымын дайындап үлгермеген, балаларға арналған суға түсу алаңдары мен медициналық көмек көрсететін орын жоқ. Олар бір аптаның ішінде олқылықты түзету керек. Қауіптің алдын алуға мемлекеттік органдармен бірге ата-аналардың да атсалысуы маңызды. Елде жағажайлар жеткіліксіз. Олардың санын биылдан қалмай 20 пайызға көбейту керек.
Тағы бір дәйек: биыл құзырлы органдар 10 мыңнан аса рейд жүргізді. Нәтижесінде, тыйым салынған орында шомалған 240 адам, қоғамдық орында ішімдік ішкен 192 адам жауапқа тартылды.
Өзен-көл жағасында 10 657 рейд жүргізілді
Тыйым салынған орындарда 240 адам суға түсті
Су айдындарының айналасында 192 адам ішімдік ішті.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Төтенше жағдайлар бөліністерімен бірлесіп: коммуналдық және жеке жағалауларды патрульдеу, алкогольді ішудің жолын кесу және тәртіп ережелерін сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізу, су пайдалану ережелерін бұзуға және балаларды бақылаусыз қалдырмау бойынша түсіндіру жұмыстары. ЦОУ бейнебақылау камераларымен бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Елде жыл сайын 300 адам суға кетіп қаза табады. Оның 100-і балалар. "Қазгидрометтің" болжауынша, биылғы жаз әдеттегіден ыстық болады. Тиісінше, өзен-суды жағалайтындардың да қарасы артуы мүмкін. Сол үшін суға бармас бұрын, қауіпсіздік ережелермен танысқан абзал. Бұл өзіңнің де, өзгенің де өмірін сақтап қалатын жалғыз жол.
Бекзат Аманов, Ербол Дайыров, Мұрат Әріпханов