Елімізде онлайн-платформа нарығы реттеледі
Онлайн-платформаларда заңға қайшы контент анықталған жағдайда жауапты тұлға оны жоюға тиісті болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлеуметтік желі арқылы жасалатын жарнамаға арнайы таңба ілінеді.
Қаржылық пайда табу мақсатында контент жариялаушылар өз қызметін кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізуге міндеттеледі. Жаңа заң жобасына осындай өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Бүгінде онлайн-платформа нарығында триллиондаған қаражат айналымда жүруі мүмкін. Жарнаманың 60%-і де интернет желісіне тиесілі. Онлайн-платформа саласындағы құқықтық жауапкершілік қатынастарды реттейтін кез келді. Заң жобасын таныстырған депутат Айдос Сарым осылай деді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің замандастарымыз да, журналистер де айтып отырған мәселе бар, неге біз бүкіл мәселеміз үшін салық төлейміз, ал интернетте миллиондап ақша жинап жатқан азаматтар мемлекеттік қазынаға бір теңге де құймайды деп қойып отыр. Осы себепті блогер-инфлюенсер деген ұғымды енгізіп отырмыз. Жарнаманың сан алуан түрлерін заңға бекітіп, алдағы уақытта бұның барлығы да Кәсіпкерлік кодекске, және Салық кодексіне еніп, бұл көлеңкеде, сұр экономикада жүрген дүниенің барлығын ашық алаңға шығару, мемлекеттің қазынасын толтыруға пайдалану қажет деп есептейміз.
Сондай-ақ заңнамада инфлюенсер ұғымы көрініс тапты. Бұл – әлеуметтік желі арқылы табыс табатын тұлғалар. Енді саладағы қаржылық қарым-қатынастар Кәсіпкерлік кодексіне, «Жарнама туралы» заңға өзгеріс енгізу арқылы реттеледі.
Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Камералдық бақылау арқылы салық органдары барлық салық төлеушілерді тексереді. Егерде қандай да бір бұзушылықтар анықталатын болса, сол субъектіге тиісті хабарлама жолданатын болады. Заң жобасы қабылданғаннан кейін қандай да бір ерекшелік жүргізу жоспарланып отырған жоқ. Алайда айтып кететін нәрсе, кейбір салық түрлерін әкімшілендірген кезде, мысалы, көлік салығын алатын болса, біз уәкілетті органмен бірге жұмыс жасаймыз. Ақпарат алмасамыз. Осы жағдайда да инфлюенсерлерге қатысты уәкілетті органмен Ақпарат министрлігімен тиісті жұмыс атқаратын боламыз.
Өткен жылы ғаламтор кеңістігінде жалған ақпарат тарату оқиғаларына қатысты 5,5 мыңнан астам қылмыс жасалған. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға жалған ақпарат ұғымы енгізілді. Норма қасақана емес, абайсызда таратылған ақпарат үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Әрекет қайталанса, айып көлемі еселенеді. Бұндай жауапкершілік заңды тұлғаларға да қолданылады.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мынадай бір қауіп болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, қазір әлеуметтік желіде шенеуніктерге , түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сын-пікірлер, комментарий, посттар жиі жазылады. Ертеңгі күні соның барлығы да жалған ақпарат деген ұғымның ішіне еніп кетпей ме? Аталған заң жобасындағы жаңалықтар сөз бостандығы қағидаттарын, азаматтардың еркін ақпарат алу тарату құқықтарын шектеп тастамай ма?
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Заң алдында бәрі бірдей. Шенеунік те, азамат та, инфлюенсер де, желі қолданушысы да, сондықтан заң үстімдігі алдында бөлектеу болмайды. Екіншіден, бізде сөз бостандығына кепітлік берілген. Сондықтан бұның барлығы конституциямызға қайшы келмейді.Үшіншіден, сын болу керек, біз халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін. Бірақ сын шын болу керек. Егер ол жалаға құрылса, сонда сотқа жүгіне алады. Біз жалған мен жаланың аражігін ажырата білуіміз керек.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын мәжілісмендер ТМД елдері арасында алғаш болып талқылауға кірісті. Оны әзірлеуге Парламенттегі барлық партиялардың фракция өкілдері атсалысты. Осы іспеттес заңдық нормалар Еуроодақ мемлекеттерінде кеңінен қолданылады.