Петропавлда жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталды
Биыл 284 шақырым желінің 10 шақырымнан астамы жаңаланады.
Сәтпаев көшесінің бойындағы жылу магистарлі жарты ғасырға жуық уақыт бұрын пайдалануға берілген. Дер кезінде жөндеу көрмеген соң, жылда қысымға шыдас бермей тесіледі. Тозығы жеткен құбыр қазір ауыстырылып, жаңаланып жатыр.
Алексей Хоменко, учаске басшысы:
- Бұл жоба 3 жылға шақталған. Яғни былтыр басталған жұмыстар келер жылы да жалғасады. Ол үшін қажетті құжаттар дайындалып жатыр. Құны шамамен 1 миллиард 200 миллион теңгеден асады. Жалпы өткен жылыту маусымда дәл осы учаскеде бес рет апат болған. Сондықтан оны жаңалап жатырмыз.
Учаскеде 30-ға тарта маман еңбек етіп жатыр. Жөндеу жұмыстарына байланысты бұл маңдағы тұрғын үйлер уақытша басқа желіге қосылды. Бүгінде Петропавл қаласы бойынша жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 284 шақырымды құрайды. Биыл оның 10 шақырымнан астамын жаңалау жаспарда.
Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:
- Осы жылы қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға ел қазынасынан шамамен 4 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Сәйкесінші мерзіммен салыстыратын болсақ, бұл 4 есеге көп. Осының нәтижесінде «Борки», «Арман», «Солнечный» және қаланың солтүстік бөлігінде желілер жаңартылады.
Қазір қалада алдағы маусымға дайындық қызу. Ол үшін арнайы штаб құрылды. Ал жылу электр орталығында жаңа мұржаның құрылысы жүріп жатыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков