Шымкентте ыстық күнде көп адамның денсаулығы сыр берді
Шымкентте аптап ыстықтың салдарынан жедел жәрдем шақыртушылар саны артты.
Алғашқы медициналық қызметке бұған дейін бір тәулікте 1 800 қоңырау түссе, қазір мамандар 2 000–нан астам шақырту қабылдап жатыр. Күннің күрт ысуы денсаулығы сыр берген жандар мен егде тартқан кісілерге ауыр тиді. Апта басынан бері қалалық ауруханаға қан қысымы көтерілген ондаған науқас қаралған. Қазгидромет мамандары 40 градус ыстық әлі де жалғасатынын айтады. Сая іздеген көпшілік өзендер мен субұрқақтарды жағалап жүр. Ал төтенше жағдайлар департаменті қауіпсіздік шараларын күшейтті. Себебі құтқарушылар тәулігіне 30-ға тарта қоңырау қабылдайды. Көп жағдайда электр желілерінің тұйықталуынан құрғақ шөптердің жануы жиілеп кеткен.
Қуаныш Лекеров, қалалық №1 клиникалық аурухананың бөлім басшысы:
- Күн түскеннен кейін адамда тер көп бөлінеді. Содан қан қысымы түсіп кетеді. Ондай да науқастар бар. Өздігінен келіп жатады жедел жәрдемді күтпей. Жүрек қан тамырлары ауыратын, қант диабетімен ауыратын, артериялық қан қысымы өте жоғары кісілер, жалпы қан тамырларына байланысты ауыратын адамдар ыстық күндері далаға шықпау керек мүмкіндігінше.
Ақбөпе Жұмабаева, Шардара қаласының тұрғыны:
- Күн ыстық бізде, өте қатты ыстық. Бірақ кеше 47С болды. Өзім көрдім. Қапырық, ағаштардың көбісі қурап жатыр. Табиғи экология жағынан бізге осы субұрқақтар аса қажет. Әрине жазда жаңбыр жауа бермейді.