Павлодарда ауа температурасы 40 градустан асты

Апшыны қуырған аптап ыстық әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарға қиын соғып тұр.

Синоптиктердің айтуынша мұндай күн райы облыста біраз жылдан бері тіркелмеген. Дәрігерлер себепсіз үйден шықпауға кеңес береді. Ал коммуналдық сала күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Қала көшелерінде суару машиналарының саны артқан.

Бұл күндері әсіресе жедел жәрдем қызметіне салмақ ерекше көп түсіп жатыр. Денсаулығы сыр бергендердің көбі созылмалы ауруы бар науқастар. Шақыртулар саны соңғы үш күнде 12 процентке өсті. Адамдардың көбі жоғары қан қысымына және дене қызуына  шағымданады.

Ирина Мищенко, облыстық жедел жәрдем бекеті басшысының орынбасары:
- Соңғы екі күнде қоғамдық орындардан шақыртулар көптеп түсіп жатыр. Екі күн бұрын 20, кеше 17 адам жедел жәрдем көмегіне жүгінді. Олар ыстықтың әсерінен қоғамдық орындарда есінен танып құлап қалған.

Синоптиктер соңғы 10 жылда мұндай ыстық ауа райы тіркелмегенін айтады. Әйтсе де жоғары температура алдағы күндері біртіндеп төмендей бастайды.

Оксана Овсянникова, облыстық ауа райын болжау орталығының бөлім басшысы:
- Маусымның 10-на қарай тұрақсыз ауа райы қалыптасады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың көп бөлігінде желдің жылдамдығы артып, шаңды дауыл тұрады

Жаздың аптап ыстығы  адамдарға ғана емес жан-жануарларға, ауыл шаруашылығына, көлік пен энергетика саласына да өз әсерін тигізіп отыр. Бүгінде коммуналдық сала жасыл желекті құтқаруға көшкен. Әсіресе  жаңадан отырғызылған көшеттерді  сақтап қалу үшін суару кестесіне өзгерістер енгізілді. Ыстық күндері гүлзарлар мен ағаштар тәулігіне бірнеше мәрте суарылады.

Бағдат Жұнғұлова, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жасыл желекті суару техникаларының саны 27-ден 34 бірлікке артты. Қаланы толық қамтып отырмыз. Өрт қаупін сақтау үшін суару машиналарының көмегімен теректің  мамығын да түсіріп жатырмыз.

Қазір гүл отырғызу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Мердігерлер жас көшеттерге жаңа орын дайындаумен айналысуда. Биыл Павлодарды жасыл желекпен қамтуға 660 миллион теңге жұмсалады.

Ержан Нұрпейісов, Мердігер компания өкілі:
- Ыстық қалай басылады біз ары қарай жалғастырамыз. Бүгінге дейін 70 процент отырғызылды. 30 пайызын күн қалай ыстығы басылғаннан кейін отырғызуға болады.

Бұл солтүстікке тән ауа райы емес. Сол себепті еңбек ұжымдарына жұмысты ертерек аяқтауға ұсыныс жасалды. Білім басқармасы емтихан тапсырып жатқан түлектерге қолайлы жағдай туғызуды қолға алған. Ал қоғам белсенділері дін өкілдерімен бірге жамағатты тасаттыққа шақырды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат