Алматыда Балалар үйі қараусыз қалды
Алматыдағы Орбита шағын ауданында қараусыз қалған бұрынғы Балалар үйі маскүнемдердің мекеніне айналған.
Жергілікті тұрғындар «бұл мәселені талай көтеріп, әкімдіктің есігін тоздырдық»,- дейді. Алайда ата-аналардың шағымына ешкім құлақ аспай отырған көрінеді. Қала төрінде қаңырап тұрған ғимарат неге ешкімге керек болмай қалды?
Орбита ықшам ауданындағы бұл бұрынғы нөмірі 1-ші балалар үйі. Қазір атқораға айналған. Көріп отырсыздар есік терезелерінің барлығы сынған. Қабырғалары қираған. Қысқасы бұл ғимараттың сау тамтығы қалмапты. Негізгі мәселе бұл емес. Жергілікті тұрғындардың алаңдап отырғаны балаларының қауіпсіздігі. Өйткені кешқұрым уақытта мұнда маскүнемдер, нашақорлар жиналатын көрінеді.
Сондықтан жазғы демалыс кезінде балаларымыз бір нәрсеге арандап қала ма деп ата-аналар уайымдап отыр. №1-балалар үйі бірнеше жыл бұрын тәрбиеленушілері азайғандықтан жабылып, орнына Отбасын және балалықты қорғау орталығы ашылған еді. Көп ұзамай ол да жұмысын тоқтатты. Содан бері мекеме бос тұр.
Әсия Нүсіпжанова, қала тұрғыны:
- Үш рет өрт болды. Ішінде деген қазір бір блогын бомждар алып алды. Бір блогын жасөспірімдер алды. Біреуін кішкентай жас балалар, 3-4-ші сынып балалары. Әрдайым мына жерге келіп, оларды қуамыз.
Алмат Сәбеков, қала тұрғыны:
- Осы жерге біздің ұсынысымыз спорт кешенін салып берсе дейміз. Болмаса жаңағы балабақша деп жатыр тұрғындар. Соны салып берсе. Бұл жерде осыдан бір-екі жыл бұрын тұрғын үй кешенін тұрғызамыз деген. Біз соған қарсы болғанбыз. Өздеріңіз көргендей мынандай талдар тұр. Оның бәрі кесіледі ғой.
Аумағы шамамен 20 мың шаршы метрді алып жатқан бұл ғимараттың қаңырап бос тұрғанына да 3 жылдай уақыт болыпты. Алматыда балабақша мен мектеп жетіспейді. Орбита секілді ықшам аудандарда тіпті құрылыс жұмыстарын жүргізетін бос орын жоқ. Ал дайын тұрған ғимараттың не үшін қараусыз қалғанын тұрғындар түсіне алмай әлек.
Айдар Нұрғожаев, Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Ғимарат Алматы қаласы құрылыс басқармасының балансында. Және де Алматы қаласының құрылыс басқармасы 2021-ші жылы желтоқсан айында жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмысы басталды. Бүгінгі күнде оң шешім экспертизасы алынды. Және де жақын арада бюджеттік ұсыныс қалалық мәслихатқа беріледі. Ақша бөлінген жағдайда конкурстық рәсімдер жүреді.
Әкімдік өкілінің айтуынша бұл жерде 480 орындық балабақша болады. Конкурстық рәсімдер аяқталса қыркүйек айында құрылыс басталып, келесі жылдың соңында аяқталады деп отыр.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев