Қазақстан мен Куба ынтымақтастығы артады

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Куба премьері Мануэль Марреро Круспен кездесу барысында екі елдің азаматтары үшін қысқа мерзімді визасыз сапарлар жайын талқылауды ұсынды.

Келіссөздер Сочидегі Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында өтті. Әлихан Смайылов «Қазақстан мен Куба арасындағы тауар айналымының өсу қарқыны жақсы», - деді. Келешекте бірлескен жобалар бойынша жұмыс істеуді жөн санайтынын жеткізді. Куба премьер-министрі өз кезегінде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытты. Қазақстан мен Кубаның фармацевтика және биотехнология салаларында ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуеті зор. Бүгінде бұл бағытта екі елдің компаниялары арасында өзара іс-қимыл жолға қойылды.

Сондай-ақ, еліміз экономиканың өзге де салалары бойынша Кубамен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Бұған Кубадағы дипломатиялық миссиясының толыққанды елшілікке айналғаны дәлел.