Жамбыл облысындағы Тамды ауылы карантинге жабылды
Жамбыл облысындағы Тамды ауылынан қауіпті індет шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
3 адам сібір жарасын жұқтырып, елді мекен 15 күнге карантинге жабылды. Ауылдың кіреберісіне блок-бекет қойылып, ет-сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынды.
Бұл – Талас ауданының орталығы Қаратау қаласымен іргелес жатқан ауыл. Жергілікті жұрт айран мен сүтін, еті мен ірімшігін осы шаһарға саудалайды. Қазір елді мекен толық карантинге жабылды. Кірген-шыққан көліктер мұқият тексеріліп жатыр. Мамандар осындай қадамға баруға мәжбүр. Ет пен сүт өнімдері сыртқа шықпауы тиіс. Қатаң бақылау болмаса, эпидемия қаупі туындайды.
Рауан Асқаров, Тамды ауылдық округінің әкімі:
- Ауылда карантиндік жоспар жасалды. Ауылдың сүт, ет өнімдерін шығармауға тапсырма берілді. Барлық малдарға екпе жұмыстары жасалып жатыр. Қой, ешкі , сиыр. Барлығына санитарлық жұмыстар жасалып жатыр.
Мамандар 50, 55 және 59 жастағы ауыл тұрғындары күйдіргі дертіне сиыр сою кезінде шалдыққан дейді. Қазір науқастар ауруханада ем қабылдап жатыр. Бәрінің жағдайы тұрақты. Ал ветеринарлар індеттің ірі қараға қалай жұққанын анықтап жатыр. Сойылған сиыр еті арнайы пеште өртеліп, ауылдан 21 сынама алынды.
Нейли Муликова, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Науқастар малды ветеринарлық рұқсатсыз сойғаны анықталды. Қазіргі таңда ауырғандардың ішінен бір науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. 3 науқас ем шараларын жалғастырып жатыр.
3 адамның 35 туысы түгелдей тексеруден өтті. Сараптама нәтижесінде олардан ауру белгілері анықталмаған. Қазір мал сойылған аула толық зарарсыздандырылды.
Нұржас Құрмантаев, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
- Бір ғана ауылдың төңірегінде болып отырған оқиға. Даурығатындай ештеңе жоқ. Бізде облысымызда 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі тұрақты, күнделікті қадағаланып отыр. Жылына 2 рет сынамалар алынып, зертханаға өткізіледі.
Айта кетерлігі, бұған дейін сібір жарасы Жуалы ауданы Көлтоған ауылының 1 тұрғынынан анықталған болатын. Алайда оның індетке қалай шалдыққаны белгісіз. Қазір бұл дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.