Павлодар облысында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды
Павлодар облысында күннің ыстығы 40 градустан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көктемнен бері өңірге бір тамшы тамбаған. Осыған байланысты өрт қаупінің ең жоғары бесінші деңгейі жарияланды.
Баянауыл ауданында бүгін « Орман-2023» оқу жаттығу іс-шарасы өтіп жатыр. Өрт сөндірушілердің дайындығын тілшіміз Қарлығаш Қасиетова көріп қайтқан еді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Тосыннан келетін табиғи апапттардың бірі – өрт. Құрғақшылық жайлаған дәл қазіргі сәтте аса қырағылық қажет. Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өрт сөндірушілер сап түзеді.
Оқу-жаттығу барысында қолданыстағы техникамен қатар өрт сөндірушілердің де мүмкіндіктері сынға түсті. Таулы аймақта қызыл жалынды ауыздықтау оңайға түспейді. Техника бара алмайтын жерге жаяу баруға тура келеді. Өрт сөндірушілердің жеке қауіпсіздігі де басты назарда болуы шарт. Мұндай жағдайда жүйелі ұйымдастырылған жұмыс оң нәтиже береді.
Азамат Қожайбердиев, Баянауыл аудандық ТЖ бөлімінің жетекшісі:
- Ең қиын деген өрттер – бұл таудың басында болатын өрттер. Өйткені техниканы жоғарыға, өрт сөндіру құралдарын жеткізу, суды беру деген біраз қиыншылықтар болып тұрады. Былтыр бізде бұл – Ақбет тауы. Ең биік біздің нүктеміз. Сол Ақбет тауында қиын орман өрті болған.
Өткен жылы Баянауыл ұлттық паркінің аумағында 33 орман өрті тіркелді. Жалпы аумағы 36 гектар жер жанған. Биыл маусым айы аптап ыстығымен келді. Баянауылда өтіп жатқан оқу-жаттығудың сценарийі бойынша өрт 25-ші кварталда басталып, ұлттық парктің басқа аумақтарына ауысқан. Тілсіз жау сол маңдағы 2 демалыс үйіне қауіп төндірді. Бір адам зардап шегіп 10 адам эвакуацияланды. Өртті сөндіруге бір сағат уақыт кетті. 21 өрт сөндіру техникасы, жеке құрамнан 66 адам жұмылдырылды. Ал өрттің шыққаны туралы бірінші болып Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің «Қазавиаорманқорғау» тікұшағы байқаған. Орманды барлау кезінде түтінді байқаған ол диспетчерге бірден хабар береді. Дичпетчер шұғыл түрде өрт туралы хабарлама таратты. Одан кейін жедел штаб құрылып, жеке құрам мен өрт сөндіру техникалары орман өртін сөндіруге аттанды.
Нұрша Болатбек, Баянауыл ұлттық табиғи мемлекеттік паркінің бөлім басшысы:
- Бүгінгі орман өртіне қарсы жаттығу шараларына арнайы техникалар келді. Олар – біздің Баянауыл ұлттық табиғи паркінің техникалары, сондай-ақ облыстық ТЖД техникасы. Бүгінгі таңда 64-тен аса кісі қатысып отыр осы орман өрттерін сөндіру іс-шараларына. Өте ауқымды.
Тілсіз жауға қарсы күреске жергілікті әкімдіктің ерікті өрт сөндіру жасақтары да атсалысты. Сонымен қатар жедел-жәрдем, полиция қызметінен де көмек келді. Уақытша дала лагері құрылды. Спутник арқылы орталық байланыс орнату үшін командалық-штабтық техника іске қосылды. Оқу-жаттығуды облыстық ТЖД, Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық паркі жергілікті әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырған. Аптап ыстыққа байланысты өрт сөндірушілер күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.