Өртеніп жатқан Бородулихадан 700-ден астам адам көшірілді

Алапат өрт болып жатқан Абай облысының Бородулиха ауданынан кешеден бері жалпы 700-ден астам адам эвакуцияланды.

Қызыл жалын аумағы  60 мың гектардан асып кетті. Бұл резерват тарихындағы ең ірі өрт. Осыған дейін тілсіз жау 3 орманшының өмірін жалмағаны жайлы хабарлаған едік.

Бородулиха ауданындағы от тиген Барышовка ауылының бүгінгі кейіпі осындай. 3 үй жанып кетті. Оның біреуі иен тұрған. Аман қалғандары ауылдан үдере қашып, өздері бас сауғалады. Осы жақтағы Успенка, Барышовка, Поднебесная ауылдарымен қоса Талинка және Каштак ауылдарынан жалпы 700 ден аса адам қауіпсіз жерге жетті.Ал аудан орталығына ешқандай қауіп жоқ. Өрт ошағы бұл жерден 5 шақырым қашықтықта. 

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Поднебесный, Успенка ауылдарына жалын тиген жоқ. Қазіргі уақытта​ автоцистерналар тізбегі екі бағытқа аттанды. Бірі ЖернЕвка ауылына ал екіншісі аудан орталығынан 5 шақырым жерде тұр. Біздің басты міндетіміз қызыл жалынның жолын бөгеу. Кеше кешке қарай 8 тікұшақ өрт сөндіруге кірісті. 

Қазір ​ екі штаб жұмыс істеп тұр бұл жақта. Олардың бірі Каштак, ал екіншісі Успенская орманшылығында. Штабтағы адамдар тәуліктік режімде көз жұмбай еңбек етіп жатыр. Барлық құтқару операциясы осы жерден басқарылуда. Өрт жайлаған ормандарда жалпы 190 техника, жеке құрамнан 763 адам​ жұмылдырылған. 

Манарбек Шапағатов, Абай облысы ТЖД бастығы:

- Біз қазір өрт қатты болып жатқан аумақтағы территорияға су шашу жұмыстарын қолға алдық. Бұл егер қатты жел тұра қалса, жалынның тараламауына септігін тигізеді. 

Мамандардың айтуынша, қызыл жалынның қарқыны қатты. Өшіру қиын.Өрттің жоғарғы жақтан таралуы жағдайды одан сайын күрделендіріп тұр. Оның үстіне жер бедері де әртүрлі, тіпті жол талғамайтын көліктер өте алмайтын тұстар бар. Мұндағылар жаңбырдан көп үміт күтіпті, алайда одан қайыр болмаған.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов