Б.Сапарбаев – 5 облысты басқарған сұңғыла саясаткер
Мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың қазасына байланысты Премьер-министр Әлихан Смайылов та марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Замандастары да арда азамат жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.
Мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев 70 жасында өмірден өтті. Ол 1953 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында дүниеге келген. Сапарбаев – елдегі 5 өңірді басқарған тұлға. Еңбек жолын туған жерде қарапайым совхоз жұмысшысы болып бастаған сұңғыла саясаткер кейін бірнеше министрлікте қызмет етті. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі қызметін атқарды.
Алтай Тайжанов, Ақтөбе облысының құрметті азаматы:
- Облыс әкімдері елді аралайтын болса, көбіне ауданнан қайтаруға тырысады. Ол кісі бір рет Комсомол деген ауылға барыпты, сол кезде бәрі таңғалған. Бұл қарапайымдылығын көрсетеді. Сол арқылы ол облыс халқының тынысын біледі.
Еңбек министрі және Премьер-министрдің орынбасары болды. Экономика ғылымдарының докторы дәрежесі де бар.
Бақберген Досманбетов, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Жалпы өзінің ата-анасының тәрбиесінен сондай кішіпейіл, қоғамшыл, майда сөзбен жеткізетін азамат еді. Сондықтан көп жылдар облыста үлкен қызмет жасады. 5 облысты басқарды. Халыққа, елге көп жұмыс жасады.
Бердібек Сапарбаев халық есінде дағдарыс-менеджері ретінде қалды. Қордалы мәселеден қаймықпай, сын-сәттерді мүдірмей өткен ол өмірінің соңында «QazBioPharm» ұлттық холдингі директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Елеулі еңбегі ескеріліп, уақытында «Парасат», «Құрмет» орденімен марапатталды. Одан бөлек, Оңтүстіктік Қазақстан және Қызылорда облысының құрметті азаматы болды.