Абай облысында тілсіз жаудың ішінде опат болғандар кім?

Абай облысындағы өрттен 14 адам қаза тапты.

Мұны Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі хабарлады. Осы кезге дейін 5 азаматтың жеке басы анықталып, аты-жөні жарияланды. Тілсіз жаудың ішінде опат болғандар кім? Қай мекеменің қызметкерлері? Өртті қай кезде толық сөндіруге болады? 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Өрттен қаза тапқан 14 адамның бәрі – Семей Орманы мекемесінің қызметкері. Мұны Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі хабарлады. Қаза тапқан орманшылардың тізімі жарияланды. Ең жасы – 1996 жылы туған Серікжан Тоқтасын. Қасында әйел қызметкер болған, бірақ оның жеке басы әзірге айтылмады.

Екеуінің мәйіті жанып кеткен трактордың қасынан табылған.Тағы бір аумақтан УАЗ маркалы көліктің маңынан 3 ер адамның денесі анықталды. Бұлар 1984 жылғы Александр Сидорин, 1972 ші жылғы Саят Нұржігітов және 1993 жылы туған Алексей Губаев.

Орман алқабының тағы бір аумағынан Niva Chevrolet көлігінің ішінен 1964 жылы дүниеге келген Амангелді Дүйсембаевтың денесі табылды.

Сонымен қатар 68-ші аумақта өртеніп кеткен көлік қасынан 4 адамның, ал 89-шы аумақтан 3 азаматтың мәйіті табылды. Түнгі сағат 23:00-дегі жағдай бойынша соңғы 2 бөлікте анықталған адамдардың аты-жөні айтылмады.

Бұл орманшының бәрі 8 маусымда күндізгі сағат 11-ден аса өрт сөндіруге аттанған алғашқы топ.

Бұл Семей Орманы резерваты тарихындағы ең ірі өрт. Тілсіз жаудың себебі найзағай екені айтылды. Мамандар 2 күнде өртті толық сөндіреміз деп отыр.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.