Абай облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды
Абай облысындағы өрттен 14 адам қаза тапты.
Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Мұны Абай облыстық полиция департаменті хабарлады. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі, яғни "екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүріп жатыр. Осы кезге дейін бес азаматтың жеке басы анықталып, аты-жөні жарияланды.
Ең жасы - 1996 жылы туған Серікжан Тоқтасын. Оның мәйіті жанып кеткен трактордың жанынан табылған. Қасында әйел қызметкер болған, бірақ оның аты-жөні айтылмады. Тағы бір аумақтан УАЗ маркалы көліктің маңынан 3 ер адамның денесі анықталды. Олар 1984 жылғы Александр Сидорин. 1972 жылғы Саят Нұржігітов және 1993 жылы туған Алексей Губаев. Орман алқабының тағы бір аумағынан жанып кеткен көлік ішінен 1964 жылы дүниеге келген Амангелді Дүйсембаевтың денесі табылды.
Ал 68-аумақта өртеніп кеткен көлік қасынан 4 адамның, 89-аумақтан үш азаматтың мәйіті табылды. Түнгі сағат 23:00-дегі жағдай бойынша соңғы екі бөлікте анықталған адамдардың аты-жөні айтылмады. Бұл орманшының бәрі сегізінші маусымда күндізгі сағат 11:00-ден аса өрт сөндіруге аттанған алғашқы топ.
Нұрболат Дербісов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
- Бұл «Семей орманы» резерваты тарихындағы ең ірі өрт. Тілсіз жаудың себебі найзағай екені айтылды. Мамандар екі күнде өртті толық сөндіреміз деп отыр.