Семей орманындағы өрт 60 мың гектар аумақты шарпыған
«Семей орманы» резерватындағы ең ірі өрттің беті қайтқан сыңайлы.
Оған ауа райы да оң әсер еткен. Түнде және таңертең сіркіреп жаңбыр жауды. Бұдан бөлек үш күн бойы жалын ошақтарына әуеден 1000 тоннаға жуық су төгілген. Тілсіз жаумен күреске 11 тікұшақ, 1000-нан аса адам мен 240-қа жуық техника тартылды. Қазір олар 9 учаскеде жұмыс істеп жатыр.
Өрт Талица, Каштак, Барышевка, Успенка, Поднебесное және Камышенка елді мекендеріне қарай тараған. Жергілікті штаб өкілдерінің мәліметінше, қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпыған. Қазір аймақтағы жағдай тұрақталып келеді.