Қазақ жұрты Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды
11 маусым күні қазақ жұрты мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жарты ғұмыры ат үстінде өткен азаматты аза тұтып келгендердің қарасы көп болды. Қоштасу рәсіміне мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері мен марқұмның туыстары қатысты. Жаназа Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өтті.
Бердібек Сапарбаевтың қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қаза болды. Қоштасу рәсіміне келген халықтың санында есеп жоқ. Арнайы келген мемлекеттік тұлғалардан бөлек, әріптестері, ағалық қамқорын, інілік ізетін көргендер арда азаматтың ерен еңбегі мен жақсылығын жарыса айтып, орны толмас қазаға өкінішін білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оқыды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мне мәртебесінің арта түсуіне қажыр қайратын жұмсады. Азаматтық қадір қасиетімен ел ішінде құрметке бөленды. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Бердібек Мәшбекұлы ес білгеннен еліне аттан түспей қызмет етті. Қазақстанның 5 облысын басқарды. Премьер-министрдің орынбасары, министр қызметін атқарды. Тұралаған аймақты аяғына тік тұрғызып, шиеленіскен шаруаның басында өзі жүріп реттеді. Сөзбен емес, іспен үлгі көрсетті. Қай өңірге бармасын қазақ руханиятына қалтқысыз еңбек етті.
Темірхан Медетбек, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Экономиканы ғана емес, әлеуметтік жағдайды ғана емес, мен өзім әдебиетші болғаннан кейін әдейі айтып жатырмын, рухани өмірімізге де үлкен қызметтер атқарды. Оны сөзбен емес, іспен көрсетіп, бәрімізді риза етті. Көп халық оған риза. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Батырбек Айтжан, ғылым докторы, профессор:
- Бұл кісінің жан-жақтылығы соншалықты, Жамбылда жүргенде Отарда үлкен жабық институт бар, соны ұйымдастырып, айналдырған 5-6 айдың ішінде короновирусқа вакцина шығаруды ұйымдастырып, өзіміз вакцина шығардық. Осы жетістіктің басында да ғалымды білімді өнерді бағалайтын азамат ретінде осы бізждің жерлесіміз Бердібек ағамыз жүрді.
Бұл – Бердібек Мәшбекұылының жасаған игі істерінің жүзден бірі ғана. Тынымсыз еңбегі, кабинетте отырмай халықтың ортасында жүргенінен болар, ол басшы болған өңір халқының Бердібек Сапарбаевқа деген ықыласы да ерекше болды. Әсіресе Абай жұртының «Сапарбаевты бізге қайтарыңдар» деген сөзінің артында қаншама сенім, құрмет жатыр.
Бердібек Сапарбаев, (1953-2023ж.):
- Бағым ба, сорым ба – білмеймін, мен барған кезде бір жағынан су тасқыны болды, екінші жағынан өрт болды, үшінші жағынан көрші мемлекеттерден келген оралмандардың көтерілістері болды. Бірақ барлық сол кезде халық мені жақсы қолдады, халық менімен әрдайым бірге болды.
Елі қолдаған ер, елін құрметтеген азаматтың енді ортамызда жоқ екені өзекті өртейді. Кемел шағында тағылымды тәжірибесімен бөлісіп, жастарға дәріс оқып жүрген тұлға мезгілсіз өмірден озды. Өлшеулі өмірге шара бар ма? Бердібек Сапарбаевтың жылы жүзі, ерен еңбегі барша қазақстандықтардың жүрегінде сақталары сөзсіз.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Сұлтан Бейсекенов.