Тәуелсіздік тарихындағы азалы күндер
Бүгін – жалпыұлттық аза тұту күні.
"Семей орманы" резерваты қызметкерлерінің қазасына орай Президенттің тиісті жарлығы шықты. Елдің барлық аймағында мемлекеттік ту төмен түсіріліп, ойын-сауық хабарлары тоқтатылады. Соңғы рет қаралы күн былтыр 10-шы қаңтарда жарияланған еді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 12 рет аза тұту күні жарияланды. Қайғылы жағдайда қаза тапқандар еске алынып, рухына тағзым жасалады.
2006 жылдың 22 қыркүйегі
Осыдан екі күн бұрын Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада техногендік апат болды. Жарылыс салдарынан 41 кенші қайтыс болды, 7 жұмысшы жараланды.
2008 жылдың 14-16 қаңтары
Абай шахтасында 400 метр тереңдікте метан жарылысы болды. Ресми органдар осы уақытта шахтада 191 адам болғанын жариялады. Қайғылы оқиға салдарынан 30 адам қаза тапты.
2010 жылдың 16 наурызы
Сол жылы наурыздың 11-нен 12-не қараған түні Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын қызыл су басты. Қайғылы жағдайдан 43 адам көз жұмды, олардың арасында сегіз бала болған.
2012 жылдың 5 маусымы
28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Тірі қалған жалғыз сарбаз - Владислав Челах қанды оқиғаға кінәлі деп танылды. Қазіргі уақытта ол темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатыр.
2012 жылдың 27 желтоқсаны
25 желтоқсанда Шымкент маңында АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Әуе көлігінің бортында болған 27 адамның барлығы қаза тапты.
2013 жылдың 31 қаңтары
Жаңа жыл алдында SCAT ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 21 адам қаза тапты. Әуе кемесі Көкшетау - Алматы бағытындағы ішкі рейсті орындау кезінде Алматы әуежайы маңында құлаған.
2016 жылдың 9 маусымы
Ақтөбеде террористер ылаң салды. Террорлық акт салдарынан лаңкестердің қолынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.
2019 жылдың 28 желтоқсаны
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 93 жолаушы мінген бортта 15 адам көз жұмды.
2020 жылдың 13 шілдесі
Коронавирустың алғашқы толқынында 375 науқас қайтыс болған. Күні бүгінге дейін індеттен көз жұмғандардың саны 13 800-ден асты.
2021 жылдың 29 тамызы
26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрттің соңы жарылыстарға ұласты. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Апат кезінде 16 адам қаза тапты.
2022 жылдың 10 қаңтары
Қаңтардың алғашқы аптасында болған елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 238 адам қайтыс болды. Осыған байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған.
2023 жыл, 12 маусым – Абай облысындағы орман өрті
8 маусымда Семей орманы резерватына қарасты Батпаев орман шаруашылығында өрт басталды. Аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпыды. Тілсіз жау 14 адамның өмірін жалмады.