Оралдық тұрғын Алтын Орда дәуіріне тиесілі туды сақтап жүр
Айтуынша, оны ата-бабалары мирас етіп қалдырған. Бірақ жәдігер әлі күнге дейін ғылыми сараптамадан өтпеген.
Себебі зерттеу жұмысы қыруар қаражат талап етеді. Талай ғасырдың куәсі болған ту әбден тозған. Жақында Алматыдағы Әл-Фараби университетінің ғылыми зерттеу орталығының мамандары жәдігердің 13-ғасырға тиесілі екенін дәлелдеді. Ғалымдардың айтуынша, матаның сапасы мен онда бейнеленген таңба тарихтан терең сыр шертеді. Жергілікті тұрғын енді тудың мемлекет қорғауына алынғанын қалайды.
Анаргүл Әмірова, қала тұрғыны:
- Атамның айтуы бойынша бұл аталарынан беріліп келе жатқан мұра екен. Осы күнге дейін олар өздері «бұл – Алтын Орданың туы» деп айтып келе жатты. Бірақ мұны дәлелдеу үшін ол кезде уақыт болған жоқ, мүмкіндік болған жоқ. Енді мен кірістім. Осыны аяғына дейін аяқтаймын деп шештім.
Өмір Тұяқбаев, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ ғылыми зерттеу орталығының қызметкері:
- Бір бетінде Алтын Ордаға тән мемлекеттік таңба бар. Бұл таңбаларды көне карталарда, көне жазба деректерде, монеталардан көреміз. Бұл таңба Бату отбасына тиесілі болғанын Жақсылық Сәбитов өзінің мақаласында көрсетіп кеткен. Орта ғасырлардағы стандарттардың өлшемі 1-1,5 м. Бұл да сол шамаға жақындайды. Шеттері көп жыртылған.