Павлодар облысында ормандағы күзет күшейтілді

Павлодар өңірінде биыл 44 орман өрті тіркелген.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өрт қаупі жоғары маусымда. 250 гектардан астам алқапты жалын шарпыды. Мемлекетке келген шығын көлемі 33 миллион теңгеден асады. Тілсіз жауға қарсы күрес күшейтілді. Алайда материалдық-техникалық базаның жағдайы сын көтермейді. Кейбір орман шаруашылықтары өрт сөндіру техникаларымен тек 60 пайыз қамтылған. Аймақта аптап ыстыққа байланысты өрт қауіптілігінің ең жоғарғы. 5- ші деңгейі жарияланды. Демалушылардың орманға кіруіне шектеу қойылды. Ертіс орманы табиғи резерватында өрттен қорғану жұмыстарына 600-ге жуық адам жұмылдырылды.

Руслан Төлепбаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының басшысы:
- Бір айдың көлемінде жалпы Павлодар облысы бойынша ормандарда 5-ші ең жоғарғы өрт қауіпті класы белгіленіп отыр. Соған байланысты Ертіс орманы резерватында 9 қосымша өртке қарсы бекеттер ұйымдастырылған. Орман шаруашылығы мекемесі бойынша облыстық әкімдіктің қарамағындағы 23 қосымша өртке қарсы бекеттері жұмысқа қосылған. Осы жоғарғы қауіпті кезеңде орманға демалушылардың кіруін шектеу жөнінде, сонымен қатар ормандағы орман шаруашылығымен байланысты емес жұмыстарды тоқтатуға тиісті шешімдер қабылданған.