Жамбыл облысында 106 үлескердің жері қайтарылды
Жамбыл облысында бес жыл бұрын жерінен айырылған 106 үлескердің жері қайтарылды.
Байзақ ауданының әкімдігі 384 гектар жайылым мен егістік алқабын өзге адамға 37 жылға жалға берген. Кейін жерді алған кәсіпкердің кооперативке еш қатысы жоқ екені анықталды. Оған қоса үлескерлер бұл жағдайдан хабарсыз болған. Тек осы көктемде шаруалар субсидия алуға құжат жинағанда жердің өзгенің атында екенін білген. Мәселе прокурорлардың араласуымен шешімін тапты.
Жандарбек Сұлтанбекұлы, Байзақ ауданының прокуроры:
- Іс бұл сотқа жеткен жоқ. Яғни біз талдау нәтижесімен бұны анықтап, өзіміз заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізіп, соның нәтижесінде жерді алған азаматшаға түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы заңсыз екендігі туралы анықталды. Сонымен 106 пайдың жері қайтты. Олардың құқықтары қорғалды.
Бауыржан Сәлімбаев, Байзақ ауданының тұрғыны:
- Жеріміздің барлығын ұжымға беріп қойғанбыз біз. Солар пайдаланып жатқан ұжым. Бізге анда-санда пайызымызды беріп қояды. Біз соған алданып жүре бергенбіз. Енді Алла қалап мынау бәрі қайтты. Енді арпай бидай егіп, егін жинап алсақ ол біздің бір игілігімізге жарайды ғой.