Оралда көпір құрылысы дауға айналды
Әкімдік жаңа шағын ауданды қала орталығымен байланыстыру үшін жоба жасаған.
Ал қоғамдық тыңдалымда тұрғындардың біразы ұсынысты қолдаса, енді бірі табиғатқа залалы көп деп қарсы болып отыр. Өйткені көпір салу үшін Шаған өзенінің бойындағы ағаштарды отауға тура келеді.
Қала орталығы мен Зачаганск кентін байланыстыратын екі көпір бар. Алайда соңғы жылдары ол жолдарда кептеліс жиі болады. Оның үстіне көлік апаты көбейді. Сондықтан тұрғындар Шаған өзеніне тағы бір көпір салуды сұрап отыр.
Айболат Бөкенов, қала тұрғыны:
- Қазірдің өзінде кептеліс болып жатады мына Жәңгірхан ескерткішінің жанында. Ертең Ақжайық шағын ауданы салынатын болса, әр үйде мың тұрғын болады. Оның екі жүзінде машина болатын болса, одан сайын кептеліс болады. Сондықтан жаңа көпірдің қажеттілігі өте керек халыққа.
Ал экологтар көпір құрылысына бөлінген орман қоры тиісті нормадан әлдеқайда көп екенін айтып, шыр-пыр болып жүр.
Дәуренбек Сақым, эколог:
- Мына лесхоз деген мекеме бар, орман қорғау шаруашылығы, иә. Солардың іс-әрекеттеріне риза болмай тұрмыз. Біздің есебіміз бойынша шамамен 30-40 га керек. Бергілері келіп жатқаны 120 га. Ол деген әрі қарай дамытудың орнына керісінше кетіп жатыр. Барлығын өзінен беріп тастап жатыр. Мына Ақсуаттың айналасының бәрін беріп тастады. Жайығымыздың айналасы шұрық тесік. Шағанның айналасы анау.
Қазір Зачаганск кентінде 70 мыңнан астам адам тұрады. Ал Ақжайық шағын ауданына жүзге жуық көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысан салу болашақтың жоспарында бар. Демек құрылыс аяқталған соң мұнда кемінде тағы 50 мың адам көшіп келуі мүмкін. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, орман қорынан алынатын жер телімі тек көпір үшін ғана емес, ғимараттар мен инфрақұрылым салуға да қажет. Дәл сол себептен 30 емес, бірден 122 га аумақ қала иелігіне өткізілмек.
Мирас Мұхитов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- ПДП-ға сәйкес ертең ауыстырылған жағдайда, сол орман қоры тұрған жерлерге әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, сонымен қатар мектептер, балабақшалар салынады. Әкімдік тарапынан өз жұмысымызды жасадық. Енді біз экопорталға хаттаманы енгіздік. Әрі қарай табиғатты қорғау басқармасының жұмысы.
Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мәліметінше, әкімдік тарапынан бұл жер телімін алу туралы ұсыныс 2019 жылы түскен. Сала мамандары қаланың Бас жоспарына өзгеріс енгізілген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес орман қорынан жер бөлуге мәжбүр екенін айтып отыр.
Құралай Шамұратова, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мм инженері:
- ҚР Орман Кодексінің 51-бабының 5-тармағы байланысты қаланың аумағын үлкейткен жағдайда мемлекеттік орман қоры жерінен жерлер басқа санаттарға ауыстырылады. Сол 122 гектардың 92 гектары орманмен көмкерілген. Қалған жерлері орманмен көмкерілмеген. 60 гектары орман жолақтары. Ол жерде құнды ағаштар жоқ. Шешімді түпкілікті ҚР министрлігі қабылдайды. Біздің тарапымыздан барлық құжаттар кетті.
Жер берілсе, әкімдік барлық кесілген ағаштың шығыны ретінде мемлекетке 20 млн теңге төлеуі тиіс. Оның үстіне алынған жердің көлемінен екі есе үлкен басқа аумаққа жарты жыл ішінде көшет отырғызуға міндетті. Экологтар былай жасаған күннің өзінде Шаған өзенінің жағалауына келтірілген залал жойылмайтынын алға тартып отыр. Олар министрліктің осы жайтқа назар аударуын сұрады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов