Жетісу облысындағы Текелі қаласына газ беріледі

Жетісу облысындағы Текелі қаласына алдағы тамыз айында табиғи газ беріле бастайды.

Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.   

Текелі тұрғындары өз қалаларында табиғи газдың алғашқы алауы тұтанар сәтті асыға күтіп жүр. Мұнда 33 мыңнан астам халық тұрады. Қалада 6 мың жер үй және 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Олар қанша қауіпті болса да, әлі күнге дейін үйлеріне газды баллонмен тасып, күнелтіп келеді.

Ләтипа Кемелжан, қала тұрғыны:
- Біз, иә, осы көгілдір отынның келуін көптен күтіп жүрміз. Өйткені көпқабатты тұрғын үйлерге баллонмен кіргізу деген қауіпті жағдай екенін өздеріңіз білесіздер. Егер газ келетін болса, бізге көптен көп жақсы болушы еді. Жер үй болса да көмір тасып, адамдар қиналмайды ғой.

Моноқаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатына Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй комммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Текеліде жалпы ұзындығы 194 шақырым газ құбыры тартылады.

Жұмәділ Абдрахманов, мердігер:
- Жоба бойынша 13 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры төселуі тиіс. Біз қазір соның тең жартысын тартып болдық. Төмен қысымды газ құбырының ұзындығы 158 шақырым болса, соның 25 шақырымы жасалды. Орта қысымды газ құбырын енді бастап жатырмыз. Кестеден кешігу жоқ. Біз өз міндеттемемізді уақытылы орындаймыз.

Жауапты тұлғалардың айтуынша, Текеліде тамыз айында көгілдір отынның алғашқы алауы тұтанады.

Ғалым Қызылбаев, Текелі қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі күні Текелі қаласында бұрынғы инвестпроектпен 77 үйге газ қосылып, газ беріліп отыр. Енді жоспарда 1 іске қосу. Текелі қаласындағы
«Достық» шағын ауданында үйлер газға қосылады.

«Достық» шағын ауданында 4 600 абонент бар. Соның тең жартысы екі айдан кейін көгілдір отынның қызығын көре бастайды. Ол үшін мердігер газ тарту жұмыстарын бәсеңсітпеуі тиіс. Бұл жоба 2024 жылы толық аяқталады...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизуллина