Абай облысында өрт сөндірушілердің қатары 300-ге тарта адаммен толықты

Абай облысындағы алапат өртті сөндіру 3 бағытта жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарушылардың қызыл жалынмен арпалысып жатқанына 6 күн өтті. Екпінді жел тілсіз жауды сөндіруге мүмкіндік берер емес. Осыған орай өрт сөндірушілердің қатары 300-ге тарта адаммен толықты. Отты ауыздықтауға 1800-ден астам адам, 350-ге жуық техника мен 15 тікұшақ жұмылдырылды.

Азамат Қасым, тілші:

- Біз қазір Каштак ауылының кіреберісінде тұрмыз. Өздеріңіз де көріп тұрғандай, орман өртеніп жатыр. Арнайы пост қойылған. Ары қарай адамдарды жібермей жатыр. Айта кетейік, Каштак ауылының ар жағында Половинка, Талица ауылдары орналасқан. Кеше әлеуметтік желілерде Семейге өрт жақындады деген әңгіме шыққан. Алайда бұл жер Семейден 20-30 шақырмдай жерде. Тек осы жердегі орманның түтіні көрініп тұрғанын айта кетсек болады.

Бірнеше күннен бері өршіген өрттің қақ ортасында жүрген жігіттер қызыл жалынды сөндіруге екпінді жел кедергі келтіріп тұрғанын айтады. «Жел түнде тыншиды. Бізге сол уақытта жұмыс істеген қолайлы», - дейді олар. 

Айдын Есеманов, өрт сөндіруші:

- Түнде қызарып көрініп тұрады. Түнде ұстауын ұстаймыз. Күндіз қайтадан жел көтеріп алады.

Айбек Кәкімов, өрт сөндіруші:

- Қарағайдың ең қиыны осы – «верховой». Себебі желдің кез келген бағытымен өзгеріп отырады да, лақтырған кезде білмейсің, қай жақтан түсетінін

Өрт сөндірушілерге бұрын осы салада еңбек еткен азаматтар да көмекке жетті. Кеше Астанадан 12 адам 3 техникамен жігіттерге жәрдемдесуге келді.

Азамат Әбдікәрімов, волонтёр:

- 3 техниканы бөліп, осы жаққа келдік, кеше сағат кешкі 5-те келдік. Сонымен бірден жауынгерлік учаскеге жіберді бізді. Желге байланысты күшейіп жатыр. Қазір өрт. Түнгі сағат 4-тен таңғы 10-ға дейін жұмыс істедік. Жаңа жігіттерді демалдырайық дегенбіз. Қайтадан күшейіп жатқан соң, қайтадан жігіттерді көтеріп, позицияға келдік.

Волонтерлер де тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Өрт басында жүрген азаматтарға қызмет көрсететін штаб Озеркий ауылдық округінде орналасқан. 

Шолпан Молдағалиева, жедел штаб өкілі:

- Біз апарамыз, өрт сөндірушілерге, тура сол жерге апарамыз. Күніне 3-4 рет апарамыз тамақты. Осы жерде дайындалады. Бұл штабта ылғи волонтерлер. Осы жерде былай ауысып тұрады. Мысалы, бүгін түнде мұнда 10 адам істеді. Түні бойы. Мында солдаттар тамақ ішті. Таңғы 3-те тұрып, тамағын ішіп кетті.

Өрт сөндірушілерге ас-ауқат, киім-кешек жеткізіп жүрген жігіттердің бірі – Есбол Дәріпбай. Шахтада жұмыс істейтін ол еңбек демалысында болса да, осында келуді жөн санапты.

Есбол Дәріпбай, волонтёр:

- Үшінші күн болды жұмыс істеп жүргеніме. Таңертең келеміз, тамақтар тасимыз. Каштак, Талица жаққа. Белгілі көліктерді ғана өткізеді. Анау-мынаудың бәрін өткізбей жатыр. Қауіпті жер болғаннан кейін.

Бүгін жайқалған жасыл орманы қап қара күлге айналған Озеркий ауылының тұрғындары құрбандық шалып, тасаттық рәсімін өткізді. Тәңірден жаңбыр тіледі. Расында, жаңбыр жаумаса, алапат өрттің сөнетін түрі көрінбейді.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.