«Ертіс-Успенка» арнасы 2024 жылы іске қосылады

Павлодар облысындағы «Ертіс-Успенка» су арнасы келер жылы қолданысқа беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Стратегиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ толық іске қосу үшін электр станциясы мен электр тарату желісі қажет. Ұзындығы 13 шақырымға созылатын арнаның құрылысы өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталып, кейін тоқтап қалған. Болашақта нысан 40-қа жуық шаруа қожалығын сумен қамтиды. Бұл Павлодар ауданында суармалы егін шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.

Николай Дычко, Павлодар ауданының әкімі:

- Суару жүйесін келер жылдың көктемінде іске қосамыз. Ал қазір жер пайдаланушыларымен келіссөздер жүріп жатыр. Олардың бәрі су арнасының бойында орналасқан. Біздің мақсат – тұрақты тұтынушыларды табу.