Тараз бен Байзақ ауданын байланыстыратын жолдың тоз-тозы шықты
Былтыр ғана жөнделген автожол ойдым-ойдым күйге түсіп, қатынау қиындаған.
Қазір жұрт жолға шығуға қауіптеніп отыр. Себебі апатты жағдайлар жиі болатын болған. Жергілікті тұрғындар жылда тасжолды жамай бергенше, сүріп тастап, қайта салуды талап етіп отыр.
- Красный звезданың ішінің жолы нашар. Көбісі тесіктер. Кеште жүре алмайсың. Күндіз әрең жүресің.
100 мыңнан астам халық тұратын Байзақ ауданының тұрғындары бұл жолмен күнделікті қатынайды. Жүргізушілердің айтуынша соңғы кезде қалаға барыс-келіс қиындаған. Ой-шұқыры көбейіп жолаушылар өміріне қауіп төндіріп тұр.
Құлманәділ Қайратұлы, көлік жүргізушісі:
- Тесіктері ана жерде 20-30 см-ге дейін барады ең үлкендері. Және өте тығыз, бір-біріне жақын орналасқан. Оны өтетін кезде зик-зак болып айналып жүреміз. Жолдың сыртына шығып кетеміз. Екі жолақ болып кетеді. Біз бала кезден бері ана тесіктерді танимыз. Әлі сол тесік бұрынғы жыр. Жыл сайын келеді анда-санда әр жерін жамап кетеді. Ал ол сәл жаңбыр жауса қайтадан көтеріліп, қайтадан тесік болады.
Тоз-тозы шыққан автожол былтыр ғана ағымдағы жөндеуден өткізілді. Бірақ бір жыл болмай қаз қалпына түскен. Қала билігі бұл мәселені биыл шешуге уәде беріп отыр. Бюджеттен қаржы бөлінсе, 4 шақырым жолды сүріп, қайта салу жоспарда.
Нұрбол Қалдыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Биылғы жылы біз осы жолды жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындадық. Жалпы сметалық құны 228 млн тг. Бұл жолды жөндеу үшін қазір мердігерді анықтау үшін конкурсқа бердік. Конкурстық рәсімдер қазір жүргізілуде. Осы айдың аяғына дейін мердігер анықталу керек.
Тараз бен Байзақ ауданын екі жол байланыстырады. Бірақ оның бірі қазір жөндеуге жабылған. Сондықтан аудан жұрты жаңа даңғыл ашылғанша, осы жолмен қатынауға мәжбүр.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә