Петропавлда жаңа оқу жылына дайындық басталды

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қыза түсті.

Өңірде биыл 50-ге жуық мектеп жөнделеді. Қазірдің өзінде мамандар кейбір нысандардың шатырын ауыстырған. Жаңа мектептердің де құрылысы жүріп жатыр.

Петропавлдағы №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп кешенінде 1 300-ден астам оқушы екі ауысымда оқиды. Ол 1987 жылы пайдалануға берілген. Осыған дейін терезелері жаңаланса, енді шатыры түбегейлі ауыстырылып жатыр. Оған 39 миллион теңгедей қаржы бағытталды.

Әйгерім Уәлиева, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп кешенінің директоры:
- Мектебіміз жалпы төрт блоктан тұрады. Бұған дейін жүргізілген күрделі жұмыс түрлері осы төрт блокта әртүрлі жылдары жүргізілген болатын. Мысалы 2006-2008 жылдары бір блок, екінші жылдары екінші блок. Сондықтан осындай бір уақытта жүргізілмегендіктен, шатырынан су кетті. Туындаған мәселе бойынша сараптама жасалып, талдау жұмыстары шын мәнінде жөндеудің қажет екені анықталды

Бүгінде аталған білім ошағының электр жүйесі де сын көтермейді. Ол келер жылы жаңаланады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жалпы өңірде оқу жылы аяқталысымен жөндеу жұмыстары қарқын алды. Биыл 49 білім ошағы қалыпқа келтіріледі. Оның жартысы ауылдық жерде орналасқан. Яғни нысандардың жылыту жүйесі, есік-терезелері және шатыры жаңаланады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп.

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Облысымызда төрт апатты мектеп бар. Оның үшеуі Тайынша ауданында. Қазіргі таңда екі мектеп салынуда. Тайынша қаласында 600 орындық мектеп биыл аяқталады. Және Вешневка селосында 120 орындық мектепті биыл бітіреміз. Одан бөлек Драгомировка аулында 120 орындық мектеп жоспарлануда. Қазір ПСД дайын толық. Бюджеттік өтінішті бір апта ішінде береміз республика бюджетіне.

Бүгінде облыста 465 мектеп бар. Оның көбі ескірген. Сондықтан жауаптылар аталған мәселені кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр. Ал 2025 жылдың соңына дейін Петропавл қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында төрт білім ошағын салу жоспарда. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков