Шымкент агломерацияға айналады
Шымкент қаласына күніне 300 мыңнан астам адам маңайдағы ауылдардан қатынап жұмыс істейді.
Сондықтан күн тәртібінде агломерация мәселесін тездетіп шешу міндеті өткір тұр. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Қазір Түркістан облысымен бірлескен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қала шекарасын кеңейту жұмысы 1 жыл ішінде тәмамдалуы тиіс. Қазір шаһардың бас жоспары сызылып жатыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент халық саны бойынша елімізде үшінші орында тұр. Қалада 1,2 миллион адам ресми тіркелген.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
- Агломерация, дұрыс оны ұйымдастырмағанның кесірінен қаланың мына жағдайын өте қиналтуы да мүмкін. Ол жолымыз да бар, басқамыз да бар, кептеліс те бар. Сол себептен осы биылдың өзінде агломерация заңына өзгерістер енгізді. Енді агломерацияны Шымкент қаласынан айтсақ, Түркістан облысының 7 ауданы біздің Шымкентке агломерация болып жататын болады.