«Саламатты Қазақстан» пойызы Ертіс өңіріне жетті
«Саламатты Қазақстан» пойызы Павлодар облысына аялдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Білікті мамандардан құралған медициналық бригада 8 күн бойы ауыл тұрғындарына тегін көмек көрсетеді. Осылайша, 200-ге жуық адам дәрігерлік тексерістен өтеді.
Шағын емхана іспетті пойыз Кемеңгер ауылының тұрғындарына таңсәріден қызмет көрсете бастады. Мұрат Жексенбинов алғашқылардың бірі боп келді. Білікті мамандарға қаралып, көңілі жайланды.
Мұрат Жексенбинов, Кемеңгер ауылының тұрғыны:
- «Денсаулық – зор байлық» дейді. Адам болғасын, пенде болғасын, тексерілейік деген ниетіміз бар. Өзім теміржолда істегенмін, содан зейнетке шықтым. Адамның 12 мүшесі болса, соның бәрінен өтерміз бүгін.
Дәрігерлер адамдарды тыңдап, түрлі аппаратпен тексеріп, емін қолма-қол жазып береді. Вагон-емханада 13 маманның кеңесін алуға болады. Ақ желеңділермен қоса кемеңгерліктер медиатор мен заңгердің тегін кеңесін алу мүмкіндігіне ие болды.
Айнұр Егінбаева, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері:
- Халыққа көбінесе керек мамандар ол – УЗИ, сонымен қатар невропатолог, окулист, стоматолог. Осы мамандарға көп келіп жатыр халық. Негізінде медициналық пойыз әлеуметтік-қайырымдылық жоба болып табылады. Біз өз жолымызды 26 сәуірде «Алматы-1» станциясынан бастадық. Осы уақытқа шейін 3 облысты жүріп өтті.
Арман Думанов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі:
- Құқықтық және медиативтік көмек тегін. Осында келіп, бүкіл кеңесті ала алады. Бәрі тегін. Келіп, бізге өтініш жасауға болады. Бүкіл өтініштердің барлығы «Е-өтініш» деген бағдарламадан жіберіледі.
«Саламатты Қазақстан» пойызы бұған дейін Алматы, Жетісу және Абай облыстарында болды. Дәрігерлер қызметін 15 мыңға жуық тұрғын алды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат.