Ұлытауда «Жазғы демалыс академиясы» жұмысын бастады

Каникул кезінде оқушыларды жан-жақты дамытуға және әлеуметтік-психологиялық кеңістік қалыптастыруға бағытталған жобада жүздеген шара жоспарланған.

 Соның бірі Сәтбаев қаласында өтті. Балалардың қатысуымен қайырымдылық кеші және ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылды.

Сәтбаев қаласындағы қосымша білім беретін 3 мекемеде 7 мыңнан астам бала тәлім алады.  Олар түрлі үйірмелерге қатысады. Орталық алаңда ұйымдастырылған кеште  балалар жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Бүлдіршіндер асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан сайысқа түсті. Іс-шараға шаһардағы ерекше білімді қажет ететін балалар қонақ ретінде шықырылды. Яғни, мұндағы мақсат оқушылар арасында шығармашылық үндестікті қалыптастырып, денсаулығына байланысты қоғамнан шет қалатын бүлдіршіндерді ортаға бейімдеу.

Лаура Смағұлова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Ұйымдастырушыларға рақмет айтамын. Балалардың каникул кезінде осындай іс-шара ұйымдастырып жатқанына. Үйде сотка көріп жатқанша, қазіргі заманда пайдалы нәрсе деп ойлаймын осының бәрі.

Мәдина Азаматқызы, оқушы:

- Осы іс-шаралар балаларды неше түрлі хоббиларды өз бойына сіңіруге үйретеді деп ойлаймын. Және, осыған қатысу арқылы өзін рухани жаңғырта алады.

Ерекше білімді қажет ететін балаларды ортаға бейімдеу үшін, өзге оқушылармен етене араластыру, ұтымды әдіс саналады. Сондықтан бұл кеште бүлдіршіндер ешқандай санатқа бөлінген жоқ. Бірге ойнап, бір топта өнерін ортаға салды.

Әсем Әбдірайымова, Сәтбаев қалалық оқушылар сарайының директоры:

- Бұл бірінші іс-шарамыз. Бұл жоба деп те айтуға болады. Келесі жылы әрі қарай жалғасын табады деп айта аламын. Ерекшелігі – қала тұрғындарының барлығы келіп тамашалай алады. Қазір ата-аналар келеді. Біз 300-ге жуық баланы қамтығымыз келіп отыр.

Іс-шара соңында қолөнер көрмесі жәрмеңкеге ұласты. Оқушылардың қолынан шыққан туындылар саудаға шығарылып, одан түскен қаржы ерекше тәрбиеге мұқтаж балалардың орталығына берілді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева