Бүгін елорда тұрғындарын көк түтін әбігерге салды

Бүгін түс ауа елорданы көк түтін басып, жұрт әбігерге түсті.

Іргедегі Қосшы қаласы мен Қараөткелдің арасында қамысқа от тиіп, одан қаулап далаға жайылған. Өрт таңертең сағат 09:00-ден кете басталған. Алдын ала болжам бойынша 15 гектар аумаққа жайылған. Мұнда 158 адам мен 33 техника жұмылдырылған.

Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды бетперде тағуға шақырды. Еш себепсіз көшеге шықпауға, есік-терезелерді ашпай, үйде болуға кеңес берді. Түтін, әсіресе, тыныс алу органдарының ауруы бар адамдар үшін қауіпті.

Алина Исмагулова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

- 19 маусым күні ауада шекті рұқсат етілген концентрациясы асып түскені туралы дерек тіркелді. №7 бекет аумағында азот оксиді асуы бойынша 9 дерек, азот диоксиді бойынша 42 дерек анықталды. Бұдан бөлек, озон, көмірсутегі, элементтерінің бірнеше есе ұлғайғаны анықталды. Синоптиктер, оңтүстік-батыстан жел соғып, тәулік соңында нөсер жауын жауады деп болжайды.