Абай облысына гуманитарлық жүк жөнелтілді
Алматыдан гуманитарлық жүк тиелген ұшақ Абай облысына аттанды.
Бортта 600 келіден астам тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік бар. Тұрғындардың көмегімен жылы көрпелер, қалбырдағы дайын тағамдар мен өрт сөндірушілерге арналған құрал-жабдықтар жиналған. Алматыдағы гуманитарлық жүк қабылдайтын пункт өткен аптадан бері жұмыс істеп тұр. Жиналған жүктің алғашқы легі өрттен зардап шеккен өңірге жеткізілген. Мегаполис тұрғындары керек заттарды әлі жинап жатыр. Ертең гуманитарлық көмектің үшінші партиясы да ұшақпен жөнелтіледі. Жалпы алматылық волонтерлер барлығы 5 тонна азық-түлік пен қажет бұйымдар апаруды жоспарлап отыр.
Бағдат Анарбаева, волонтерлар кеңсесінің жетекшісі:
- Бізге көптеген тұрғындар, волонтерлар хабарласып, қандай көмек көрсетуге болатынын сұараған болатын. Осыған орай Семей қаласындағы азаматтармен байланыста болып, нақты қандай заттар керек екенін тізімін алғанбыз. Сол тізім бойынша Алматы қаласында гумкөмекті жинау бойынша штабты аштық. Штабтың жұмысына кәсіпкерлер, тұрғындар волонтерлар қатысты. Заттардың бәрін тізім бойынша қабылдадық.