Атырау өңірі тұрғындарды баспанамен қамтудың тың тетігін тапты
Аймақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Жақында тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны азаюы керек. Бұған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар сеп болады.
Атырау облысында 30 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұр. Қазір аймақта 52 тұрғын үй салынып жатыр.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
- Келесі жылы біз осы аяқталған үйлердің ішінен арнайы 24 үйді кезекте тұрған азаматтарға береміз. Сонымен қатар өңірімізде арнайы бағдарламалар қабылданды. Несиемен үй алуына мүмкіндіктер беру.
Иә, аймақтағы жас мамандарды қолдау үшін "Атырау жастары" бағдарламасы іске қосылды. Енді 35 жасқа дейінгі азаматтар жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын 18 млн теңгеге дейінгі, аудандарда – 13 млн теңгеге дейінгі ипотеканы рәсімдей алады. Ал бастапқы жарна 10% -ға тең. Бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Оның игілігін 100 маман көреді. Кезекте тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да назарда.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
- "Бақытты отбасы – Атырау" деген бағдарлама қабылданды. Оның ерекшелігін айта кеткім келіп отыр. Бұл бағдарламада қолданыстағы үйді алуға рұқсат етілді және бастапқы жарна жоқ.
Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қолдау үшін "Отбасы банк" - пен бірлесіп жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама ұсынылды. Пәтерді жылдық 5% мөлшерлемемен, бастысы бастапқы жарнасыз сатып алуға болады. Тек Атырау облысына ғана тән осынау жобалар жалғасын табады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ернар Демесін