Астанда су тоғаны құрғап қалды
Астанада бар-жоғы 2 жасанды су тоғаны бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір соның біреуі құрғап сусыз қалған. Осыдан 1 ай бұрын тоған маңындағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары арнамызға хабарласып, шағымдарын жеткізген болатын. Қазір жауаптылар мәселені шешуге кіріскен екен.
Риат Шони, тілші:
- Бұл – елорданың сол жағалауындағы Жасыл квартал тұрғын үй кешені маңындағы су тоғаны. Аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Тоғанның жалпы сыйымдылығы – 60 мың текше метр. Былтыр бұл жер суға лық толы болған. Ал биылғы көрініс, мінекей, мынадай. Тіршілік көзі тек қана мына құбырдан келіп тұр.
- Көктемде су болды. Содан кейін кеуіп қалды ғой мынау ыстықтан.
- Былтыр бұл жер өте көрікті болатын. Биылғы көрініс көзді қуантпайды. Тұрғындармен бірге бұл тоғанға балықтарды жіберген едік. Биыл су жоқ. Салдарынан бәрі қырылып қалды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тоғанның құрғауы биыл көктемде басталған. Осыдан 1 ай бұрын арнамыздың тілшілері бұл мәселені көрсетіп, халықтың шағымын айтқан болатын. Ол кезде жауаптылар су тоғанын салған құрылыс компаниясы қателік жібергенін мәлімдеді.
Нақтырақ айтқанда, бұл жерде гидроизоляция жасалынбаған. Салдарынан тоғанға толтырылған су топыраққа тез сіңіп кетеді. Ал оның деңгейін ұстап тұру үшін қалалық желіден 1 құбыр тартып, күн сайын таза ауызсу жіберіліп отырған. Тіршілік көзі тоған түгіл, шаһар тұрғындарына жетпей жатқандықтан, «Астана су арнасы» үнемдеуге кіріскен. Салдарынан тоған кеуіп кеткен.
Владимир Назаров, Есіл және Нұра аудандарындағы бұрқақтартарға қызмет көрсету маманы:
- Су деңгейін ұстап тұру үшін 4 немесе 5 ұңғыма қажет. Қазір ауызсу мәселесі өзекті. Егер бұл арнайы жоба қарастырылса, мәселе шешілуі керек.
Қазір дәл осы аталған ұңғымалар қазылып жатыр. Бұл жұмысты су тоғанын салған құрылыс компаниясы өз есебінен жасап жатыр. Ұңғымалар осы аптаның соңына дейін дайын болады, - дейді мамандар. Дегенмен бұның өзі су тоғанын толтыруға жеткіліксіз екен.
Әйгерім Ақшолақова, Нұра ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы:
- Скважина ол толықтай көмектеспейді. Себебі 12 мың текше метр су деген бұл тоған үшін бірінші ғана қабаты деп айтса болады. Жылдағыдай ауызсуды әкелу керек болады. Құйылып жатқан ұңғымадағы су жерге сіңіп кете бергесін оны ұстап тұру үшін де тағы су керек үстіне. Жалпы суды толтыруды енді нақты айта алмаймыз. Оған қаражат қажет. Жаңа ауданда ондай қаражат қарастырылмаған. Сонымен қатар конкурстық процедуралар бар. Олардың барлығы қыс басталғанша дейін созылуы мүмкін.
Айта кету керек, тоғанды салған құрылыс компаниясы оны 2019 жылы Есіл ауданы әкімдігінің қарамағына берген. Кейін ол жаңадан құрылған Нұра ауданының балансына өткен. Осылайша, мұрадан мұраға қалған проблемалы тоғанды жауаптылар толтыра алмай әлек болып жүр.
Авторлары: Риат Шони, Ырыстанбек Оспанов.